Екі рет сотталған әйел Алматы облысында зейнеткерді алдағаны үшін ұсталды
Алматы. 16 қыркүйек. 7kun.kz – Алматы облысының полицейлері 82 жастағы зейнеткер зардап шеккен алаяқтық дерегін әшкереледі.
Алаяқтық дерегі Ескелді ауданында тіркелген. Өзін әлеуметтік қызмет өкілімін деп таныстырған бейтаныс әйел Қарабұлақ кенті тұрғынының 80 000 теңге көлеміндегі барлық зейнетақы қаржысын алдап алып кеткен.
«Аталған дерек бойынша бұған дейін алаяқтық істері үшін екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған Текелі қаласының 50 жастағы тұрғыны күдікке ілініп, ұсталды. Күдікті әйел аудандық әлеуметтік қызметінің өкілі екенін айтып, зейнеткерге тамақ өнімдері мен көмірді тегін беретін акцияның өтіп жатқанын хабарлаған. Сөзінің шындығын дәлелдеу мақсатында зейнеткерге бірнеше кило макарон, қант, ұн берген, сондай-ақ акция бойынша уәде етілген үш тонна көмірдің жеткізілетініне сендірген. Нәтижесінде, күдікті алдау арқылы жалпы сомасы 80 000 теңге қаржыны үптеп кеткен»,- деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес жүргізілуде. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.