Алматы. 6 маусым. 7kun.kz - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев iQala қалалық қызметтер орталығының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қаладағы алғашқы iQala қалалық қызметтер орталығы Нұр-Сұлтан әкімдігінің бастамасымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен «Астана – адалдық алаңы» жобасының аясында құрылды.
«Астана – адалдық алаңы» жобасының аясында жемқорлықтың алдын алу мақсатында тағы бір мекеме құрылып отыр. Мұнда қала тұрғындарына «бір терезе» қағидаты бойынша түрлі қызметтер көрсетілетін болады. Бұл орталықтың IQala деп аталуы интеллектуалдылығын білдіреді. Ендігі «бір терезе» қағидатымен шектеліп қалмай мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылады Бұл байланыстарды барынша азайтуды, түрлі қызметтерді, консультациялар мен рұқсаттарды алуды барынша жеделдетуді көздейтін өздігінен дамитын зияткерлік жүйе болады. Мұндай жүйелер кәсіпкерлерге өз шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді, бұл бағаға, тарифтерге және жобалардың соңғы құнына әсер етеді», – деді қала басшысы Бақыт Сұлтанов.
iQala фронт-офисі атқарушы органдар мен коммуналдық және муниципалдық қызметтердің, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау институттарының қызметтерін бір жерге тоғыстырып, тұрғындарға «бір терезе» негізінде қызмет көрсетеді.
Алаңның мақсаты – тұрғындар мен ШОБ өкілдерінің мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтерді алу процестерін мейлінше жеңілдету. Болашақта орталықта 25 компания топтастырылып, барлығы 130 қызмет көрсетіледі.
Сонымен қатар, iQala жобасының аясында арнайы интернет-портал және мобильді қосымша жұмысын бастап, олардың көмегімен қала қызметтерін online режімде алуға мүмкіндік туады.
«iQala жұмысының нәтижесінде астаналық мекемелердің қызмет көрсету тиімділігі артады, қызмет көрсету процестері жеңілдетіледі, барлық қызмет көрсету процесі ашық әрі айқын болады», – деп атап өтті «Astana» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Темірлан Нұрғисаев.