2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап «ForteBank» АҚ «HomeITTech» ЖШС-ны толық иелікке алды.
Бұл туралы Қазақстан қор биржасының ресми сайтында хабарланды.
Еске салсақ, 2025 жылғы маусымда ForteBank «Home Credit Bank» АҚ акционерлерімен 100% акцияны сатып алу туралы принциптік келісімге келгенін хабарлаған болатын. Сауда аясында ForteBank «HomeITTech» компаниясына да иелік етеді. 31 қазан күні Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Forte банкке Home Credit Bank және Home ITTech компанияларының еншілес ұйымдарын сатып алуға ресми рұқсат берді. 2025 жылғы қараша айының соңына қарай ForteBank Home Credit Bank-тың 75% акциясын сатып алып, негізгі акционерге айналды.
«HomeITTech» ЖК – 2019 жылғы шілдеде құрылған қазақстандық IT-компаниясы. Саудаға дейін компания шетелдік Home Credit N.V. және Home Credit International a.s. меншігінде болды. HomeITTech Қазақстан мен шетелдегі ірі серіктестерге мобильді қосымшалар, веб-қосымшалар және бағдарламалық қамтамасыз ету сияқты цифрлық шешімдерді әзірлейді.
ForteBank-тың негізгі акционері – Болат Өтемұратов, ол банктің 90,92% акциясына ие. Forbes Kazakhstan 2025 рейтингі бойынша Қазақстандағы ең бай 75 бизнесменнің қатарында 6-орында тұрған кәсіпкердің активтері 3,7 млрд АҚШ долларын құрайды.





