![Гүлнәр Каримованың 182 млн доллар активі Өзбекстанға қайтарылады](/uploads/posts/1738929714_-eR7bCyVILrRnfBaWeLoU0u-R9w-5KnQ/image/post7.jpeg)
6 ақпанда Ташкентте Өзбекстанның әділет министрі Акбар Ташкулов пен Швейцарияның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Константин Оболенский «Тәркіленген мүлікті бөлу туралы келісімге» қол қойды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат Өзбекстан әділет министрлігіне сілтеме жасап.
«Келісім аясында Өзбекстанға шамамен $182 млн қаражат қайтарылады. Бұл қаражатты Өзбекстан Республикасының кейбір азаматтары заңсыз иемденген және олар 2012 жылы Швейцария бас прокуратурасы Г.Кәрімоваға қарсы қозғалған қылмыстық істің аясында толығымен тәркіленген», – делінген хабарламада.
Қаражат Біріккен Ұлттар Ұйымының Uzbekistan Vision 2030 көп серіктестік траст қоры арқылы қайтарылады.
Айта кетейік, 2022 жылдың 16 тамызында Швейцарияның Берн қаласында Өзбекстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасында «Швейцария Конфедерациясының аумағында тәркіленген заңсыз алынған мүлікті Өзбекстан Республикасы халқының мүдделері үшін қайтару әдістері туралы келісімге» қол қойылған болатын. Бұл келісім БҰҰ-ның Uzbekistan Vision 2030 деп аталатын көп серіктестік траст қоры арқылы заңсыз алынған активтерді Өзбекстанға қайтару механизмін, сондай-ақ негізгі қағидаттар мен мақсаттарды белгілейді.
Осы жұмыс аясында 2022 жылдың тамызында қол қойылған бірінші келісім Өзбекстанға шамамен 131 миллион доллар қайтаруды көздейді. Жаңа келісімге қол қойылғаннан кейін Өзбекстан халқының игілігіне қайтарылған қаражаттың жалпы көлемі 313 миллион долларға жетеді.
Uzbekistan Vision 2030 арқылы қайтарылған қаражат Өзбекстан халқының игілігі үшін әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға, атап айтқанда, денсаулық сақтау және білім беру салаларына бағытталады. Қор және оның жобалары туралы ақпарат қордың сайтында өзбек және ағылшын тілдерінде ашық көзде қолжетімді.
Бұған дейін Швейцария Гүлнәр Каримованың 370 млн доллар активін тәркіледі.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Қазақстанда автосақтандыру бағасы қымбаттайды
- 11 февраля, 2025
Жаңа Салық кодексі Парламент қарауына қашан енгізіледі?
- 11 февраля, 2025