Судың тасуына, жер-жерді басуына депутаттар кінәлі емес. Бірақ халық заң шығарушы органда отырғандар жылы қабақ танытып, жарты күндік болса да жалақысын аударып, жергілікті биліктен «неге бұлай болды?», - деп сұраса дейді.
Бірақ, «халық қалаулыларының» уақыты жоқ па, аяғына резеңке етік киіп, Ақтөбе, Ақмола облыстарын араласа пиар деп қабылдайды деп қорқа ма, жоғарыдан тапсырма күте ма, жергілікті биліктің ісіне араласпайық дей ма, әлде оған құзіреті жоқ па әйтеуір үнсіз.
Халық «депутаттар қайда?» дейді. Қалай десек те депутат аты бар, халықтың күткені бар, мұндай мәселеге келгенде неге үнсіз қалатынын ашық әлде жабық әйтеуір бір жолын тауып түсіндіретін кез-келген сияқты.
Парламенттегі қалаулылардың бұрынғысын қайдам, бүгінгісі туралы сын көп. Үнсіз отыра берсе сын тіпті көбейетін сияқты. Оған арасында кейбір депутаттардың ойланбай сөйлеп мәселені ушықтырып алатынын қосыңыз.
Алдын ала айту керек еді...
Мысалы: Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайым сияқты. Кеше 31 арнаның тілшісі Бақытнұр Әлібай Парламентке барып, депутаттардың су тасқыны туралы пікірін біліп қайтыпты. Депутат мырза сюжетте «Оның бәрін тұрғындар біліп отырды ғой. Көріп отырды. Алдын ала айту керек еді. Шу көтеру керек еді», деген пікір білдіріпті.
Ойланбай айтылған демеске амал жоқ. Бұл пікірін қай бағытта бұрсақ та, түсінсек те ыңғайға келе береді. Әлдебір сайттарға жақсы азық болатын пікір. Бірақ, біз ары бармайық.
Халық судың келерін біліп отыратын синоптик емес, су маманы емес, құмалақшы емес. Бұған тіпті жергілікті билік те кінәлі емес делік. Бірақ кінә су тасқынына дайындықтың нашарлығы болып тұр. Бақытжан Әбдірайымның әріптесі Владислав Косарев аталған сюжетте «жыл сайын тасқынның алдын алу шараларына бөлінген қаржы желге кетіп жатыр, өйткені айналып келгенде биылғыдай жүздеген үй суға кетіп, далада қалған мыңдаған адамның шығынын өтеуге бірнеше есе артық жұмсалады», деді.
Халық тұтынушы, билік қызмет көрсетуші. Атқарушысы болсын, заң шығарушысы болсын. Тауардың сапасына тұтынушыны кінәлау қаншалықты орынды? Біздегі су тасқындары не үшін шықты дегенге қарасақ, көпшілігінде халық айтқан, шу да шығарған. Бірақ тыңдар құлақ болмаған.
«Біліп, көріп отырып үйім суға кетсін, үнсіз жата берейін» демейтін шығар? Журналистің микрофон ұсына салғанынан сасқалақтап қалған шығар деп бір ойладық. Әйтпесе депутаттың бұлай жауап беруі мүмкін емес деп жұбаттық өзімізді. Қарағұсова да пікір айтыпты әлгі сюжетте. Баяғы әуенінен жаңылмапты. «Біздің қызмет бөлек» дейді.
Құрметті депутат, парламент жекеменшік ЖШС емес қой. «Тұрба шығарамыз, 10 адамды жұмыспен қамтыдық, салық төледік, өнім сатылуда, елдегі кәсіпкерлік ахуалға үлес қосып отырмыз, басқаға бас қатырма» дейтін. Заң шығарушы орган болғандықтан, халық жылы сөз болса да күтеді. Көп депутат «билікпен байланыссақ болды, қоғамды қойшы» дейтін сияқты. Нәтижесі қоғаммен ерегес көп.
Сюжетте Бәлиева су басқан өңірлердегі балаларға көмек үшін қаржы жиналып жатқанын, өзі де сол жаққа барып қайтатынын айтыпты. Ел депутатқа «суды тоқтатып, бүлінген үйімді салып бер» демейді. Керегі осындай қарапайым қолдау ғана. Зағипа Бәлиеваның бұл ісі құптарлық.
Айтпақшы кеше Бекболат Тілеухан жақында ғана жалақысына қосылған ақшаны тасыннан зардап шеккендерге аударамын деді. «Ақ жол» партиясының фракциясы түгелімен біркүндік жалақысын аударыпты. Кешегі жиыннан кейін депутаттар бір күндік жалақысын аударуды шешіпті деп естідік. Дұрыс-ақ. Бірақ аяқ асты жағдайларда депутаттар ел наразылығын естіген соң, «түу осыларды-ай», деп кейігендей кейіп танытып, құлықсыз көмектескендей болмай, бірінші болып бас көтеріп, мәселені шешуге депутат, жеке азамат ретінде араласса дейді халық.