
Қазақстан АСЕАН+3 облигациялар нарығы форумына бақылаушы ретінде қабылданды. Бұл шешім 6 мамырда АСЕАН+3 елдерінің қаржы министрлерінің отырысында мақұлданды. АСЕАН+3 тобына Оңтүстік-Шығыс Азияның 10 елі, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея кіреді.
Форум Азияда мультивалюталық облигациялар шығаруға мүмкіндік беретін ортақ нарық құруды көздейді. Бұл Қазақстанға облигацияларды Қытай, Жапония, Корея, Малайзия секілді елдерде бір мезетте орналастыруға жол ашады.
Қазіргі таңда Азия облигациялар нарығы әлемде АҚШ пен Еуроодақтан кейінгі үшінші орында. Қазақстан үшін бұл жаңа инвесторларды тартуға және капитал нарығын кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.
2024 жылы Қазақстанның облигациялар нарығының көлемі $100 млрд-қа жетті. Жыл соңына дейін Азия даму банкі Қазақстан облигация нарығы бойынша жолкөрсеткіш жарияламақ.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы бастама туралы арнайы аналитикалық мақала жариялаған болатын.