Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілді.
Тиісті шешім Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық Банкі бірлескен қаулысында бекітілді.
Жаңа норма 2026 жылғы 16 маусым және 1 шілдеден бастап кезең-кезеңімен күшіне енеді.
Қаулыға сәйкес:
– кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша шекті мөлшерлеме – 46%;
– кепілмен берілетін несиелер бойынша – 35%;
– ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша – 20%;
– микроқаржы ұйымдары беретін микронесиелер бойынша – 46% деңгейінде сақталады.
Сонымен қатар қысқа мерзімді микронесиелерге қатысты талаптар да нақтыланды. 45 күнге дейін және 45 АЕК-ке дейінгі (2026 жылы 194 625 теңгеге дейін) несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі тәулігіне 0,3%-дан аспауы тиіс, ал жылдық есепте 179%-дан жоғары болмауы қажет.
Айта кетейік, реттеуші органдар бұған дейін ипотекалық мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендету бастамасын бірнеше рет көтергенімен, шешім екі рет кейінге шегерілген еді. Енді жаңа талаптар ресми түрде енгізіліп отыр.





