Кредит алу туралы шешім көбіне той өткізу, «жұрттан кем қалмау» сияқты бір сәттік қажеттілік немесе ірі шығындарды тез жабу сынды ниетпен қабылданады. Алайда мұндай шешімнің ұзақ мерзімді қаржылық салдары болуы мүмкін.
Кредит шартына қол қою – жай ғана құжат рәсімдеу емес, бұл адамның өз мойнына нақты қаржылық міндеттеме алуы. Сондықтан шартты толық оқымай, тек ай сайынғы төлемге қарап шешім қабылдау кейін қарыздың көбеюіне, айыппұлдардың артуына және кредиттік тарихтың бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушыларға шарттағы бірнеше маңызды тармаққа ерекше назар аударуға кеңес береді.
Ең алдымен шарттың титулдық парағын тексеру қажет. Онда қарыз сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі, өтеу әдісі, мерзімінен бұрын өтеу талаптары, айыппұлдар мен өсімпұлдар туралы негізгі ақпарат көрсетіледі.
Сондай-ақ кредиттің толық құнын алдын ала есептеп алған жөн. Яғни ай сайынғы төлемдермен қатар комиссиялар, сақтандыру сыйлықақылары және өзге де қосымша шығындарды ескеру маңызды.
Мамандар қарыз алушыға өтеу әдісін де мұқият таңдауға кеңес береді. Аннуитеттік төлемде ай сайынғы сома бірдей болады, ал сараланған төлемде уақыт өте келе төлем мөлшері азаяды.
Бұдан бөлек, кредит мерзіміне назар аудару маңызды. Оның мерзімі ұзақ болған сайын артық төлем де көбейеді. Сондықтан ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу шарттарын, сондай-ақ ол үшін комиссия алынып, не алынбайтыныннақтылап алған дұрыс.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, азаматтар кредит рәсімдеген кезде тек ай сайынғы төлемге немесе номиналды пайызға ғана қарамауы керек.
«Кредит алуда нені ескеру керек деген нұсқаулықтар бірінші рет айтылып отырған жоқ. Негізгі параметрлерге назар аудару қажет: шарт қандай, комиссиялар бар ма, жоқ па, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қанша. Тек номиналды пайызға қарамау керек. Мұның барлығы ескерілуі тиіс. Шартты мұқият оқу керек. Міндеті қандай, кредит қайтарылмаса қандай келеңсіз жағдайларға әкеледі – осының барлығын алдын ала білген жөн», – деді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.
Агенттік дербес деректердің дұрыс көрсетілгенін де тексеруге шақырады. Сонымен қатар клиент өз мәліметтерінің қалай өңделетінін және үшінші тұлғаларға берілу тәртібін білуі тиіс. Шарттың қосымшалары да маңызды. Төлем кестесі мен жадынама қарыз шартының ажырамас бөлігі саналады.
Айбар Олжаевтың сөзінше, Қазақстанда қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға түрлі нұсқаулықтар беріп, нені қарау керек, қандай талаптарға мән беру қажет екенін үнемі ескертіп отырады. Fingramota жобасы бар. Қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаржылық сауаттылық индексі жыл сайын есептеледі. Соған сәйкес қазақстандықтардың қаржылық сауат деңгейі жыл сайын 1-1,5 пайызға өсіп келеді», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, қазір ақпараттандыру жұмыстары кеңейіп, қаржылық сауаттылық бойынша арнайы курстар мен дәрістер де өткізіліп жатыр. Мамандар шартқа қол қоймас бұрын қаржы ұйымының өкілінен барлық маңызды ақпараттарды сұрап алуға кеңес береді. Қажет болған жағдайда қосымша кеңес алған жөн.
Кредит бойынша міндеттемелерді уақытылы орындау кредиттік тарихқа тікелей әсер етеді. Төлемді кешіктіру айыппұлдардың есептелуіне, берешектің өсуіне және болашақта қаржылық қызметтерге қолжетімділіктің шектелуіне әкелуі мүмкін.





