Астана. 30 қаңтар. 7kun.kz - 2016 жылы Қазақстан инфрақұрылымдық жобалар үшін Дүниежүзілік банктен қосымша 2 млрд доллар қарыз алған деп жазады Finprom.kz. Ол қаржы қандай игіліктерге жұмсалды?
Экономика деңгейі соңғы жылдары төмендеп кеткені жасырын емес, мемлекет жағдайды қалпына келтіруге тырысып жатыр. Дүниежүзілік банктен де осы үшін қарыз алынған еді. Қаржы 4 жоба бойынша бөлінді.
Әлемдік қаржы институты мен еліміздің арасында барлығы 71 жоба жүзеге асқан. Қазір Қазақстанда Дүниежүзілік банктің қаражатына 16 жоба жасалып жатыр. Олардың жалпы көлемі 4,8 млрд долларға бағаланды.
Соманың ең көп бөлігі құрылыс және транспорттық жүйені жаңалауға жұмсалды. Ол барлық қаржының - 87 пайызы (4,2 млрд доллар).
Ал денсаулық сақтау жүйесінің дамуына кеткен ақша үлесі 4 пайыз болса, білім саласына жұмсалған қаражат 3 пайызды құрады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің қаражатына Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, суландыру жүйесі, шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Дүниежүзілік банктің қаржылай қолдауы Қазақстан экономикасындағы қиын кезеңдердің бірімен тұспа-тұс келіп тұр. 2016 жылдың 9 айындағы ЖІӨ 31,4 трлн теңге болды, бірақ елдегі өндіріс көлемі бар болғаны 0,4 пайызға өскен. Бұл өсім деңгейі экономиканың кризистік жағдайдан шығуы үшін жеткіліксіз дейді сарапшылар.
Ал экономиканы толыққанды қайта іске қосу үшін бюджеттегі қаражат аз. 2016 жылдың қаңтар-қараша аралығында республикалық бюджет тапшылығы 705 млрд теңгені құрады. Айта кету керек, бұл 2015 жылға қарағанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Ол кездегі тапшылық 1 трлн теңгені құраған еді.