Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Маңғыстау облысының кіріс департаментіндегі басқарма басшысы қызметінен босатылды

Маңғыстау облысының кіріс департаментіндегі басқарма басшысы қызметінен босатылды

Ақтау. 17 қараша. 7kun.kz - Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің Экономикалық тергеу қызметі басқармасының басшысы қызметтен босатылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көтерме сатушылар жеткізген алкоголь өнімінің көлеміне және «Партнер Актау Компани» ЖШС-тің алкоголь өніміне ілеспе жүкқұжаттарына салыстырмалы талдау жүргізу кезінде тауар сомасы бойынша біраз айырмашылықтар анықталған. Аталған факті бойынша Мемлекеттік кіріс комитеті Ішкі қауіпсіздік басқармасы салықтық тексеруді тағайындаған.

Бірақ сотқа дейінгі тергеу барысында тексеріліп жатқан компанияның құрылтайшысы Маңғыстау облысы бойынша МКД Экономикалық тергеу қызметі басқармасының басшысы С. Қуанышәлиевтің жұбайы екені анықталған.

Ол компания басшыларына және жоғарыда аталған ЖШС құрылтайшысына қатысты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мүмкіндігін болдырмаған.

С.Қуанышәлиев жазбаша рапортымен өзінің тікелей басшысына жүгінбеген және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдарының талаптарын бұза отырып, өз қызметтік міндеттерін орындауды жалғастыра берген.

Қызметтік тергеу нәтижелері және тәртіптік комиссияның ұсынымдары бойынша С.Қуанышәлиев атқарып отырған лауазымынан босатылды.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (51-бап) және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» (15-бап) ҚР Заңдарында мүдделер қақтығысына нақты түсінік берілген.

Бұл - мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық. Басқа сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өкілеттіктерін жеке мақсаттарда пайдалануға құқығы жоқ. Мүдделер қақтығысы болған кезде, заңнамамен оны «оқшаулап шектеуге» бағытталған мемлекеттік қызметшілердің нақты әрекеті қарастырылған.

Мемлекеттік кірістер комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс шеңберінде заңнама талаптарын, оның ішінде мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің жұмысында мүдделер қақтығысы фактілерін анықтау талаптарын мүлтіксіз сақтау бойынша шаралар қабылдауда.

Похожие материалы