
Зауыт мұнай-газ және коммуналдық нысандарды жоғары сапалы жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында құрылған.
Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 150 қашықтан басқарылатын станок-качалка, 500 басқару шкафы, 400 интеллектуалды басқару станциясы және 600 жиілікті түрлендіргіш өндіруге жетеді.
Өндіріс орнында металл табақтарын лазерлік кесу мен майыстыруға арналған жоғары дәлдіктегі жабдықтар, сондай-ақ антикоррозиялық жабындар жағуға арналған бояу желілері қолданылады.
Қазіргі уақытта зауытта 35 қызметкер жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмыс орындарының саны бірнеше есе артады деп күтілуде.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар айынан бастап кәсіпорын мұнай насосы мен құбыр жабдықтарын шығаратын өндіріс желісін кеңейту жобасын жүзеге асыруда.
Жаңа зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, кәсіпорын жұмысына табыс тіледі. Cондай-ақ “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ Ақтау қаласы филиалының атқарушы директоры Эсен Огланұлы, “Өзенмұнайгаз” АҚ бас директоры Жанболат Амангелдіұлы, “Қаражанбасмұнай” АҚ бас директоры Нұрпейіс Мизанбайұлы және Маңғыстау облысының құрметті азаматы, ардагер мұнайшы Тұрсынғали Көшенов және саладағы басқа да ірі компаниялардың өкілдері, компания құрылтайшылары Арман Тугаев мен Азамат Айжариков қатысты.
Жаңа зауыттың ашылуы өңір экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Зауыт отандық өндірістің әлеуетін арттырып, саланың техникалық жарақтандырылуын жақсартады. Бұл бастама — Маңғыстау облысының индустриалды-инновациялық даму жолындағы нақты нық қадамдарының бірі.