Экономика
Қайталама тұрғын үй нарығындағы танымал Алматы аудандарының рейтингі жасалды
Homsters.kz компаниясының сарапшылары жылжымайтын мүліктің қайталама нарығындағы ұсыныстар саны бойынша Алматы аудандарының рейтингін әзірледі.
Оңтүстік астананың ең танымал ауданы – Бостандық. Жылжымайтын мүліктің бүкіл қайталама нарығындағы аталған ауданның алатын үлесі – 30% немесе сатуға қойылған 12 575 пәтер. Сонымен қатар Алматы бойынша ең көп халық тұратын аудан да осы Бостандық: бұл ауданда алматылықтардың төрттен бір бөлігі тұрады. Бостандық ауданындағы 1 шаршы метрдің орта есеппен алғандағы құны 468 мың теңгені құрайды.
Рейтингтегі келесі орынға Алмалы ауданы ие болып отыр: нарықтағы ұсыныстардың 27%-ы аталған ауданда орналасқан (сатылуға дайын 11 343 пәтер). Қаланың бұл бөлігіндегі бір шаршы метрдің орта есеппен алғандағы құны – 457 мың теңге.
Үшінші орынға нарықтық 23% үлес алған (9 977 ұсыныс) Әуезов ауданы орналасты. Бұл аудандағы бір шаршы метрдің орта есеппен алғандағы құны 381 мың теңгені құрайды.
Рейтингтің соңғы орнында қаладағы ең қымбат Медеу ауданы орналасқан. Қаланың бұл бөлігі жылжымайтын мүлік сату туралы ұсыныстардың 9%-на ие, бір шаршы метрдің орта есеппен алғандағы құны 527 мың теңгеге тең.
Қалған Алатау, Түркісіб, Жетісу және Наурызбай аудандары бірігіп, Алматы қаласындағы үй сату туралы барлық ұсыныстың 11%-на ие болып отыр.
«Сәуір айы оңтүстік астанадағы қайталама тұрғын үй нарығындағы бағалардың төмендеуінен басталды. Егер наурыз айының соңындағы бағалармен салыстырсақ, қазір бір шаршы метрдің орта есеппен алғандағы құны 10,4%-ға төмендеп, 404 мың теңгені құрады. Сатуға шығарылған тұрғын үйлер арасында екі бөлмелі пәтерлер танымалдылыққа ие болып отыр», - деп атап өтті Homsters.kz сату жөніндегі директоры Екатерина Ладыженская.