Астана. 8 маусым. 7kun.kz - Қазақстан мен Ресей тараптары жерді жалға беру мен алу туралы құжаттарға қол қойды. Келісім бойынша Ресейге жалға берілген 1,7 млн гектар жер Қазақстанға қайтарылады. Мұны Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Астанадағы кездесуде мәлімдеді.
Ресейдің қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің айтуынша, кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы ортақ әскери жобаларды жүзеге асыру талқыланған.
«Кездесудің үлкен нәтижесі – Қазақстан аумағында Ресей қорғаныс министрлігінің әскери сынақ полигондарын пайдалану және жалға алу туралы хаттамасының күшіне енуі. Біз Қазақстан тарапымен кездесуге барып, жалға алған 1,7 млн гектар жерді қайтарып бердік. Осы жұмыстың жалғасы ретінде Ембі сынақ алаңы жайлы хаттаманы толтыруға келістік. Осылайша, Қазақстан халық шаруашылығына тағы 300 мың га жер қайтарылады», - деді Сергей Шойгу.
Ол екі мемлекет арасындағы әскери-өндірістік ынтымақтастықтың болашағы жарқын екеніне сенімін білдірді.
«Біздің басымдыққа алған нәрсеміз – кез келген қауіп-қатерге қарсы тұра алатын ортақ қорғаныс қабілетін құру. Екі мемлекет арасындағы әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың жандануына мүдделіміз. Біз әскери құрылыс саласындағы кез келген мәселе бойынша Қазақстанға көмектесуге дайынбыз», - дейді Ресей қорғаныс министрі.