Ресейлік ұшақтағы теракт туралы ақпарат берген адамға 50 млн доллар сыйақы беріледі
31 қазан күні ресейлік Airbus A321 әуе лайнерінің аптқа ұшырау себебі теракт деп танылды. Бұл туралы Ресей Президенті В.Путинге Федералды қауіпсіздік қызметінің директоры Александар Бортников мәлімдеді, деп хабарлайды lenta.ru.
Сондай-ақ, РФ Федерелды қауіпсіздік қызметі терактіге қатысы бар лаңкестерді ұстауға көмектескен адамға қомақты қаржы берілетіні туралы хабарлады. Сыйақы көлемі - 50 млн доллар.
«Египет әуесінде жарылған A321 лайнерінің бортында 1 келіге жуық тротил эквиваленті бар қолдан жасалған қуатты жарылғыш зат болған», — деді А. Бортников. Оның сөзінше, лайнер сынықтарынан шетелде өндірілген жарылғыш заттың іздері табылған. Бұдан бұрын әуе кемесінің жарылуына теракт әрекетінің қатысы болуы мүмкін екенін АҚШ, Ұлыбритания, Израиль мемлекеттері айтқан болатын.Осыдан соң Ресей Президенті Владимир Путин ФҚҚ басшысымен кездесу кезінде А321 лайнерінің жарылуына қатысы бар лаңкестерді анықтау жұмыстарын басты назарға алу керектігін жеткізді. Ол қайғылы оқиғаға қатысы барлардың барлығы табылып, жазаланатынын айтты.
Еске салайық, 31 қазан күні Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке бет алған «Когалымавиа» Airbus A321 ұшағы Синай түбегінде апатқа ұшырап, 224 адам (көпшілігі ресейліктер) қаза тапты. Оқиғаға қатысты жауапкершілікті Ресей мемлекетінде тыйым салынған "Ислам мемлекетінің" «Вилайят Синай» террорлық тобы алды.