
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қазақстан мен Ресей Федерациясы шекарасында орналасқан «Сырым» автомобиль өткізу пунктін қайта жаңғырту және жаңарту жобасының басталғаны туралы хабарлайды.
Құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты 2025 жылғы 4 тамыздан бастап «Сырым» өткізу пункті арқылы жеңіл және қоғамдық көліктер үшін өту уақытша тоқтатылады. Шектеулер 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жоспарланып отыр.
Ал жүк көліктері үшін шекарадан өту электрондық кезек жүйесі арқылы жүзеге асырылады, күнделікті өткізу қабілеті: 200-250 автокөлік.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалы шектеулерді енгізу мерзімінің кейінге шегерілгені туралы хабарлаған болатын. Қазіргі таңда нақты мерзімдер бекітіліп, жұмыстар жоспарланған кестеге сай жүргізілмек.
Мемлекеттік шекараны өтуге арналған баламалы өткізу пункттері:
- «Шаған» (ҚР) / «Тёплое» (РФ) – екіжақты, Қазақстан және Ресей азаматтарына арналған. KZ07-01 Орал – РФ шекарасы (Шаған өткізу пункті) автомобиль жолының 33 шақырымында орналасқан;
- «Ақсай» (ҚР) / «Илек» (РФ) – халықаралық өткізу пункті. KZ07-04 Подстепное - Федоровка - РФ шекарасы (Ақсай өткізу пункті) автомобиль жолының 144 шақырымында орналасқан;
- «Тасқала» (ҚР) / «Озинки» (РФ) – халықаралық өткізу пункті. KZ07-06 Орал - Тасқала - РФ шекарасы (Тасқала өткізу пункті) автомобиль жолының 104 шақырымында орналасқан.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы барлық жол пайдаланушыларға сапарларыңызды алдын ала жоспарлап, аталған өткізу пункттерінде көлік қарқындылығының өсу мүмкіндігін ескеруді сұрайды. Мемлекеттік шекараны уақытында және ыңғайлы өту үшін жолға ертерек шығуды ұсынамыз.