Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Сауалнама: Ақша үнемдей аласыз ба?

Сауалнама: Ақша үнемдей аласыз ба?

Барлық мәселенің басы ақшадан  басталады. Қолыңда қаражат көбейген сайын оны жарататын жер де табыла кетеді. Сонымен, сіз ақша үнемдей аласыз ба? Бұл туралы  түрлі сала мамандарынан сұрап білдік.

Мұхит Асқарұлы, жеке кәсіпкер:

Жеке бизнес бастағанда алғашқыда ақша үнемдеу қажеттілігі туындады. Кәсібімді дамыту үшін біраз қаржы салдым. Кейіннен еңбегім ақталды. Қазіргі таңда жақсы табыс табамын. Ақша үнемдеу қолыңдағы ақшаға байланысты. Егер көп қаражатым болса маған ақша үнемдеу қиынға соғады. Себебі, ақшаң көп болған сайын, әйтеуір бір жерден бір нәрсе шығады да тұрады. Ал ақшаң аз болғанда өзің үшін үнемдейсің.

Ақнұр Мұратқызы, студент:

Студент болған соң ай сайын үйден келетін ақшаны барынша үнемдеп ұстауға тырысамын. Ол үшін бір айда керек азық-түлік, киім және қыз болған соң өзіме күтімге кететін  қаржыны үнемі жазып жүремін. Сол кезде ақшамды қайда жұмсайтынымды анық біліп отырамын. Келесі айда осыншама ақшаға киінемін, мына ақшаға маникюр жасатамын деп жоспарлар қоямын. Дегенмен, студент болған соң туған күндерге, киноға, кафеге барасың. Қыдыру көп болған кездері қаражатың жетпей қалып жатады. Бірақ, сондада үйден ақша сұрамай, шыдаймын.

Күнту Арынбек, журналист:

Ақшаны үнемдей аламын. Ақшаны қолма-қол ұстағаннан көрі, картамен ұстағанды жөн көремін. Ақша айналымын да сондай. Ол үшін кез келген жерде ақшаны карточка арқылы төлеймін. Мысалы, Каспий банктің карточкасымен сауда жасағанда оның белгілі бір бөлігі өзіме кэшбек, яғни бонус болып түсіп отырады, сол бонустарды телефоныма бірлік немесе Оңайға жолақы ретінде қолданамын. Бұл ақша үнемдеудің тиімді жолы. Сондай-ақ комиссиясыз төлемдерді қолдануға тырысамын. Ақшаны үнемдеудің тағы бір жолы мен айлық жалақымды 5-10%-ға кем есептеймін. Мысалы, 100 мың теңге жалақым болса, оны 90 мың деп қана есептеймін. Ал қалған қаржы карточкамда қала береді. Тағы бір жолы мүкіндігінше автобуспен жүремін, таксиге тығыз жұмыстарым болып жатса ғана отырамын.Міне осылай ақшаны үнемдеймін.

Қарлығаш Мырзабекова, мұғалім:

Өздеріңіз білесіздер мұғалімдердің айлығы аз. Сондықтан айлық жалақымды үнемдей алмаймын. Себебі ол ақша ары тартсам бері жетпейді, бері тартсам ары жетпейді. Оның үстіне мектепте жиналатын қаражатта көп.  Отбасылы болғандықтын жұбайымның еңбекақысы бізді толық қамтамасыз етеді. Менің табысым тек азық-түлікке, балаларымыздың керек-жарағына кетеді. Қалған шығыстың бәрін күйеуім төлейді. Оның үстіне достарыңның, туысқандарыңның қуаныштарына барасың. Кем дегенде 10000 бересің. Кейбір кездері айына он шақты жиын болады. Сол кезде ақша мүлдем таба алмай қаламыз.

Артық Қасымбекова, зейнеткер:

53 жасымда зейнетке шықтым. Биыл 7 жыл болды зейнетақы алып отырмын. Ай сайынғы алатын ақшамнан коммуналдық төлемдерге, азық-түлікке бөліп қоямын. Оңтүстік өңірде, оның үстіне ауылдық жерде тұрғандықтан той жиынға көп барамыз. Зейнетақымның жартысы соған кетеді. Кейде студент қызыма ақша салып тұрамын, одан қалды немерелеріме тәттілер аламын. Зейнетақым жетпей жатса балаларым жібереді ақшаны. Бірақ оларға жүк салмау үшін барынша үнемдеймін ақшаны.

   

Похожие материалы