Шымкент қаласында балалар темір жолы ашылды.
Балалар пойызы кішкентай бүлдіршіндерді "Қажымұқан" стадионы станциясынан дендро саябаққа дейін жеткізетін болады. Жолдың ұзындығы - 8 шақырым. Жолға кететін жалпы уақыт - шамамен 30 минут.
Осы жылы еліміздегі жалғыз балалар темір жолы қайта жөндеуден өтті. Локомотив қалпына келтіріліп, желі де жөндеуден өткізілді. «Бізге бұл істі тындыру оңайға соқпады. Көптеген жұмыстар жүргізілді. Алда әлі талай шаруа бар. Бізге енді істен шыққан семафорларды ауыстырып, рельстер мен шпалдарды тексеріп, егер кем-кетіктері болса, алмастыру керек болады», - дейді "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС директоры Мұхтар Мұхамеджан.
Балалар темір жолына жауапты компания төсемнің екі жағынан санитарлы аймақты тазартуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда пойыз аптасына 4 рет жүріп, күніне 3 рейс жасайды. Бұл балалар темір жолы 1979 жылы белгілі партиялық және саяси қайраткер Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынған.