Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Су инфрақұрылымы цифрлық жүйеге көшеді

Су инфрақұрылымы цифрлық жүйеге көшеді

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі елімізде су шаруашылығы инфрақұрылымын цифрландыру жұмыстары қарқын алғанын мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, оңтүстік өңірлерде жалпы ұзындығы 968 шақырым болатын, 65 мың гектар жерді суаратын 103 ирригациялық каналды автоматтандыру басталған.

Сонымен қатар, бұған дейін реконструкциядан өткен ұзындығы 1184 шақырымды құрайтын 270 канал да автоматтандырылып жатыр. Бұдан бөлек, автоматтандыру элементтері мен заманауи су есептеу жүйелерін енгізуді көздейтін 264 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленбек.

Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, цифрлық шешімдерді енгізу су ресурстарын басқарудың кешенді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Министрлік цифрлық құралдарды ұштастыра отырып, су ресурстарын басқарудың көпдеңгейлі жүйесін құруда. Бұл экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, елдің су қауіпсіздігін нығайтуға және маңызды ресурсты болашақ ұрпақ үшін сақтауға жол ашады, – деді министр.

Қазіргі уақытта министрлік әзірлеген су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі 22 мың су нысанын қамтиды. Оның ішінде 17 мыңнан астам өзен, 4 мыңға жуық көл және гидротехникалық нысандардың 60%-ы бар.

Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 6 мыңнан астам канал цифрландырылып, гидротехникалық нысандарды қамту деңгейі 100%-ға жеткізіледі.

Сондай-ақ елімізде бірыңғай су балансы қалыптастырылмақ. Бұл су ағындарын, су қоймаларындағы қор көлемін және тұтыну деңгейін нақты салыстыруға мүмкіндік береді.

Министрлік мәліметінше, су нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғарыштық мониторинг пен гидробекеттер деректерін біріктіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Ұқсас материалдар