Жаңалықтар
Tele2/ALTEL ұялы байланыс операторы Катардың Power International Holding-не сатылды
«Қазақтелеком» Катардың Power International Holding (PIH) компаниясымен Mobile Telecom-Service (MT-S) ЖШС-нің 100% үлесін сату туралы мәмілені аяқтады», - делінген баспасөз хабарламасында.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл мәміленің аяқталуы Президенттің ұялы байланыс нарығын монополиясыздандыру туралы тапсырмасының орындалғанын көрсетеді.
«Осы мәміленің нәтижесінде бүгінде Қазақстанда жұмыс істейтін 3 ұялы байланыс операторы (Tele2/ALTEL, Kcell және Beeline – ред.) бір-бірінен бөлініп, ұялы байланыс операторлары арасында бәсекеге қабілетті нарықты қалыптастырады. Бұл дегеніміз сапаны жақсарту және көрсетілетін қызметтерге әділ баға белгілеу», - деп түсіндірді Мусин мәміле туралы.Ұялы байланыс операторын сату бойынша бастапқы келісім 2024 жылдың ақпанында Дохада «Қазақтелеком», PIH және «Самұрық-Қазына» қоры арасында, ал маусым айында сату туралы қорытынды келісім жасалған. Сол кезде Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәміленің құны 1,1 миллиард доллар деген еді.
«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (ALTEL және Tele2 брендтері) – 2004 жылы құрылған Қазақстандағы жоғары жылдамдықты 5G байланыс провайдері. Компанияның шамамен 2000 қызметкері бар және 140-тан астам бөлшек сауда дүкендерін басқарады.
Фото: powerholding-intl.com