Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Трамп президенттігінің салдары

Трамп президенттігінің салдары

АҚШ-тағы президент сайлауына қатысты жаңсақ пікір айтқандарымыз эмоциямызды жиып, бір-екі ай күтейік, әрі Дональд Трамп әкімшілігінің әлемге не бере алатынын салқынқандылықпен ойланайық. Сонымен, жетістігі мен салдарын қатар өрбіте отырып, Трамп президенттігінің ықтимал он нәтижесін тізіп көрейік.

Жақсы жаңалық – АҚШ-та экономикалық өсім басталады. Экономика Барак Обама президенттігінің екінші мерзіміндегі 2,2 пайыз жылдық өсімнен де жылдам қарқын алады. Бұлай болатын себебі – Республикалық партияның мемлекеттік шығындар мен қарызға деген антипатиясы тек Обама сияқты демократ Ақ үйде отырған кезде оянады. Ал Республикалық партия өкілі президент болса, онда партия шығындарды құлшыныспен арттырып, қарызды көптеп алуға кіріседі, президенттер Рональд Рейган мен Джордж У. Буштың кезінде солай болған. Демек, Трамп Обама көп мәрте ұсынса да қабылдата алмаған Кейнс қаржылық ынталандырмасын жүзеге асырады.

Оның нәтижесіндегі дефицит Кейнс ынталандырмасынан гөрі «ұсыныс экономикасына» көбірек ұқсайды, бірақ олардың нәтижесі де ұқсас болмақ: экономика да, инфляция да өседі. АҚШ экономикасы өз мүмкіндігінің ең жоғарғы шегінде жұмыс істеп тұрғандықтан, қосымша өсім инфляцияны одан сайын өсіреді, бірақ жағымсыз жаңалық 2018 жылы не одан кейінірек болады.

Екіншіден, шетелдегі табыстарын елге қайтарып жатқан халықаралық компанияларға амнистия жариялау сияқты салық реформалары ақыр соңында заңға айналмақ. Республикалықтардың үстемдігінің арқасында салықты азайту туралы келісімдер оңай қабылданады, бірақ бұлардың орны заңдағы іліктерді алып тастауға қарсыласып келген мүдделі лоббистерді қорқыту арқылы емес, мемлекеттік қарыздардың есебінен жабылады. Салық реформалары бюджет дефицитін бұрынғыдан бетер көбейтеді, ал бұл өз кезегінде өсім мен инфляцияны арттырады.

Экономикалық өсімге серпін беретін үшінші нәрсе – қайта реттеу. Энергетика және табиғатты қорғау заңдары төңірегіндегі айтыс-тартыстар баспасөзде басты жаңалық болып тұрғанда, ең үлкен экономикалық ықпал банктегі ережелердің өзгеруінен болады. Банктер әсіресе табысы орташа отбасыларға несие беру ережелерін жеңілдетуге ынталандырылатындықтан, тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қарыз алу арқылы тұтыну көлемі артады, ал бұл экономикалық өсімге серпін береді. Шамадан тыс реттеу 2007 жылғыдай қаржы дағдарысын қайта тудыруы мүмкін, бірақ бұл да тек 2018 және одан кейінгі жылдары болуы мүмкін.

Төртіншіден, Трамп аз мерзімге болса да геосаяси тұрақтылықты қамтамасыз етуі мүмкін. Обаманың либералдық интервенционизміне қарағанда Трамптың транзакциялық realpolitik-ті қолдауының арқасында Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынас қалыпқа түседі, себебі әлем ықпал ету аймақтарына бөлінген. Трамп Ресейге Украина мен Сирия мәселесінде еркіндік беріп, есесіне Орталық Еуропа мен Балқаннан аяғын тартқызады. Қытай қауіпсіздігіне АҚШ-пен арадағы келісімдер кепілдік берген Жапония, Тайвань және басқа елдермен шектен асқан соғысқа килікпеген жағдайда Пекиннің Азияда үстемдік етуіне рұқсат етіледі. Таяу Шығыс геосаяси толқыныстардың ошағы болып қала береді, бірақ мұнда да Трамптың «демократияны ілгерілетуден» гөрі жергілікті диктаторларға көбірек арқа сүйеуі біршама тұрақтылық қалыптастырады (есесіне адам құқықтары нашарлайды).

Ең соңғысы, Трамп сайланған соң америкалықтар әлемде «демократияны дамытамыз» деген ойдан бас тартқанымен қоймай, өз демократияларының олқылықтарын да мойындауға мәжбүр болады. Жалпыхалықтық дауыс беруде Трамптың 2 миллионға жуық дауысты кем жинауы Сайлаушылар алқасын реформалау әрекеттеріне жан бітіруі мүмкін. Қазірдің өзінде дауыстардың 61 пайызын беретін штаттарда жалпыхалықтық дауыс беру жүйесін қолдайтын заң мақұлданды. Оның үстіне, Калифорния, Нью-Йорк сияқты тренд қалыптастыратын штаттардағы Трампқа деген жаппай наразылық сайлаушыларды штаттардағы ауаны ластамау мәселесі мен денсаулық сақтау және аборттан бастап, иммигранттарды емдеу, қару-жараққа бақылау орнату мәселелеріне қатысты прогрессивті заңдарды федералдық деңгейдегі консервативтік заңдарға қарсы қоя алатын заң шығарушыларды сайлауға итермелейді.

Енді нашар жаңалықтарға келейік. 1930-жылдардан бері алғаш рет АҚШ-та сауданы бір жақ толық жеңілетін ойын деп санайтын президент болады. Трамптың сайлау науқаны кезіндегі протекционистік риторикасы дәл солай болады дегенді білдірмейтін шығар, бірақ егер ол берген уәдесінде тұрып, сауда кедергілерін орнатпаса, онда республикалықтар құлдырап бара жатқан өнеркәсіп орындары мен аймақтардағы негізгі сайлаушыларының қолдауынан айырылып қалады.

Демек, АҚШ еркін сауда, жаһандану және ашық нарықтағы ғаламдық көшбасшы рөлінен бас тартуға мәжбүр болады. 1980-жылдардан бергі ғаламдық экономикалық менеджменттегі ең ірі режим ауысуының барлық салдарын ешкім болжай алмайды, бірақ мұның дамушы елдердің экономикасы мен халықаралық компанияларға кері әсері болатыны анық, себебі олардың даму моделі мен бизнес стратегиялары еркін сауда мен капиталдың еркін ағынына негізделіп құрылған.

Екіншіден, қазірдің өзінде толыққа жақын жұмыс істеп тұрған экономикада салықтарды жаппай қысқартып, үкіметтік шығындарды көбейту инфляцияны арттырып, пайыздық мөлшерлемелерді жоғарылатады, немесе осы екеуінің аралас бір формасы көрініс табады. Сауда протекционзимі мен иммигрант жұмысшыларды шығарып жіберу ықтималдығын ескерсек, инфляцияның артуы мен ұзақмерзімдік пайыздық үстемелердің өсуі шектен асуы мүмкін. Федералдық резерв бағаны ауыздықтау үшін қаржылық саясатты қанша агрессивті жүргізгеніне, немесе инфляцияның өсуіне жол беріп, экономиканы бір-екі жыл еркіне жіберіп қойса да, мұның қаржы нарығына салдары өте ауыр болмақ.

АҚШ экономикасының болжағаннан да жылдам өсіп келе жатқанын, ұзақмерзімді пайыздық мөлшерлемелердің артып бара жатқанын ескерсек, доллардың шамадан тыс күшеюі – үшінші үлкен қатер болмақ. Доллардың қазірдің өзінде-ақ асыра бағаланғанына қарамастан, ол өзін өзі қолдау үшін спираль бойынша жоғары өрлей беруі мүмкін. 1980-жылдардың басы мен 1990-жылдардың соңында солай болған. Мұндай жағдайда дамушы нарықтардағы үкіметтер мен компаниялардың доллармен алған қарыздарының пайыздық мөлшерлемелері нөлге жақындап қалады.

Төртіншіден, доллардың азаюы мен протекционизм саясаты бірлесіп дамушы елдерге ауыр зардап әкеледі. Бірақ даму стратегиялары еркін сауда мен сыртқы қаржыға онша иек артпайтын Бразилия, Үндістан, Ресей сияқты салыстырмалы түрде жабық экономикалар бұл қауіптен аман қалуы мүмкін.

Бесіншіден, Трамп жеңісінің ең қауіпті салдары – оның Еуропаға жұғу ықтималдығы. Британиядағы референдумның Трамптың адам сенгісіз жеңісіне жол салып бергені сияқты қазір Трамп Еуропадағы популистік толқыныстардың басты индикаторы болып қалды. Бұл еуроны тағы бір дағдарысқа ұшыратып, тіпті Еуропа одағының ыдырау қаупін тудыруы мүмкін. Сауалнама нәтижелеріне қарасақ, истеблишментке қарсылар Италиядағы конституцияға қатысты референдум мен Австриядағы президент сайлауында келесі жеңістерін тойлауы мүмкін. Глобалистерге тек сауалнама нәтижелері қате болып шықса деп үміттенуден басқа ештеңе қалмай тұр.

anatole_kaletskyАвтор туралы: Анатоль Калецкий - Gavekal Dragonomics-тің бас экономисі және тең төрағасы, «Капитализм 4.0, жаңа экономиканың тууы» еңбегінің авторы.

 

Copyright Project Syndicate © Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған.

Похожие материалы