Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Трамптың жоспары АҚШ-та сұранысты арттыра ала ма?

Трамптың жоспары АҚШ-та сұранысты арттыра ала ма?

Дональд Трамп АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жеткелі баспасөз бен қаржы нарығы оның салықты азайту және алдағы он жылда инфрақұрылымға 1 триллион доллар қаржы жұмсау туралы ұсыныстарына ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл саясат жалпы сұранысты арттырады деген болжам ұзақмерзімді пайыздық мөлшерлемелерді 50 базалық пунктке дейін арттырып жіберді.

Бірақ Трамптың саясаты баға мен жалақының артуына алып келеді деген тұжырымдар оның бұл ұсынысымен қабыспайды. Трамптың сөйлеген сөздерін тыңдап, науқан кезіндегі материалдарын оқыған адам оның инфрақұрылымға инвестицияны федералдық үкімет салады демегенін аңғарған болар. Ол дефицитті жұмсауға негізделген Кейнс қаржылық ынталандырмасына жүгінеміз деген жоқ. Оның орнына Трамп «инфрақұрылымдағы салық жеңілдіктерінің дефицитке қатысы жоқ жүйесін» ұсынды, яғни жеке бизнесті жолдар мен көпірлер, туннельдер мен әуежайлар және басқа нысандар құрылысы жобасын алуға ынталандыру қажеттігін айтты.

Әзірге Конгрестің мұншама ауқымды салық жеңілдіктеріне рұқсат беретін-бермейтіні белгісіз, әрине. Солай болған күннің өзінде бизнестен бұған күткендегідей жауап болатынына еш кепілдік жоқ.

Бизнес құрылымдарының өз мүмкіндіктерін арттырып, әзірлеп сататын өнімдерін көбейте алуы үшін инвесторларға салық жеңілдіктерін беру дәстүрі бұрыннан бар, әрі ол сәтті жүзеге асып келеді. Бірақ жолдарға, көпірлер мен туннельдерге иелік еткеннен кәсіпкерлер не пайда көреді? Тіпті әуежай сияқты нысандардан табыс табуға болады деген күннің өзінде кәсіпкерлер ұзақмерзімді баға келісімі қажет болатындығын ойлап, тартыншақтауы мүмкін.

Жиынтық сұранысты арттырудың әдісі ретінде салықты азайтуға болады деген қасаң ойдың жетегінде кетіп қалып жатамыз. Бірақ Конгрестегі республикалықтар жеке табыс салығын жеке адамдардың салық есептерінен қазір алынып тастап жүрген шегерімдердің есебінен азайтайық деуі де мүмкін. Республикалықтар атынан Өкілдер палатасының спикері Пол Райан ұсынған салық жоспары бойынша, қайырымдылыққа салынған қаражат пен ипотекалық несиеден басқалардың барлығынан шегерімдерді алып тастау көзделген. Бұл өзгеріс ЖІӨ-нің 1 пайызы көлемінде кіріс кіргізеді, яғни бұл жекелеген салықтардың біраз бөлігін азайтқандағы соманы жабуға жеткілікті.

Рональд Рейганның 1986 жылғы әйгілі «Салық реформасы» Актісі - халықтың қалтасына көбірек ақша салатын сұранысқа бағытталған дәстүрлі саясат емес, керісінше елді ынталандыруға, ұсынысқа бағытталған заң болатын. Рейганның салық жоспары кейбір салық түрлерін 50 пайыздан 28 пайызға дейін түсіріп, салықты анағұрлым азайтып, ол шығындардың орнын шегерімдерді және басқа да бухгалтерлік ережелерді өзгерту есебінен жабуды көздеген. Салықтардың азаюы адамдарды жеңілдігі бар немесе салық салынбайтын табыстан гөрі салық салынатын ресми табыс табуға ынталандырды.

Егер адамдар жаңа өзгерістерге жауап бермегенде Рейганның салықты азайту жоспары ешқандай табыс түсірмес еді. Алайда салық төлеушілер жаңа өзгерістерге жауап бергендіктен салық салғанға дейінгі табыс көлемі артып, салық көбірек жинала бастады. Республикашылдар бақылауындағы Конгресс Рейганның ұсынысқа бағытталған саясатын Трамптың салықты азайту моделіне пайдалана алады.

Рейганның салықты азайту заңы енгізілген 30 жылдың ішінде әсіресе табысы жоғары адамдарға салынатын салық көлемі біршама өсті. Жалақыға салынатын салықтың жоғарғы мөлшері 28 пайыздан 39,6 пайызға дейін артса, инвестициялық табыстардың кей түрлеріне 43 пайызға дейін салық салынады.

Конгрестің Бюджет кеңсесінің есебі бойынша, 1984-2013 жылдар аралығындағы 30 жыл ішінде табысы әртүрлі топтардың көбі төлейтін салық көлемі азайған, тек табысы жоғары 1 пайыз тұрғынның салығы артқан. Нақтырақ айтсақ, табысы ең төмен отбасылар төлейтін салық 2013 жылы 3,3 пайыз болған. Ал бұл соңғы 30 жылдағы орташа көрсеткіштен екі есе аз. Ал табысы орта деңгейдегі үш топ 2013 жылы кірісінің 13,8 пайызын салық ретінде төлеген, ал соңғы 30 жылдағы орташа көрсеткіш 16,6 пайыз болған. Салық төлеушілердің қалған 19 пайызының салық көлемі сәл ғана азайған. Ал табысы ең жоғары 1 пайыздың салық көлемі 3,4 пайыздық пункте өсіп, 34 пайызға жеткен.

Салық мөлшерінің осылайша біртіндеп өсіп бара жатқанын және салық жүктемесінің табысы ең жоғары адамдардың мойнына артылғанын ескерсек, Конгресс жоғары салық мөлшерлемелерін азайтып, табысқа қатысы жоқ салық базасын кеңейтсе, бұған еш таң қалуға болмайды.

Әзірге жиынтық сұраныстың өсуіне ешқандай негіз жоқ. Экономика ең жоғарғы шегінде толық жұмыс істеп тұр, қазан айында жұмыссыздық 4,9 пайыз болды. Тығыз еңбек нарығы бір жыл ішінде негізгі тұтыну бағаларының индексін (бұған азық-түлік пен энергия кірмейді) бір жыл бұрынғы 1,9 пайыздан 2,2 пайызға дейін өсіріп жіберді. Ал өнеркәсіптегі жұмысшылардың жалақысы бағадан 2,4 пайызға жылдам ұлғайды. Федералдық резерв сұранысты қаржылық тұрғыдан ынталандырудың ешқандай қажеттігі болмаса да желтоқсан айында пайыздық мөлшерлемені арттыру процесін бастай алады.

martin_feldstein Автор туралы: Мартин Фельдштейн, Гарвард университетінің экономика профессоры, Экономикалық зерттеу жөніндегі ұлттық бюроның бұрынғы президенті, 1982-1984 жылдары президент Рональд Рейганның Экономикалық кеңесшілер алқасын басқарған.

Copyright Project Syndicate © Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған.

Похожие материалы