Экономика
Ұлттық қорға түсетін салық азайды
Астана. 10 маусым. 7kun.kz – ҚР Ұлттық қорына түсетін салық көлемі 2007 жылдан бергі төменгі көрсеткішке жетті. Осы жылдың алғашқы төрт айында салық пен өзге төлемдер өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе азайған. Бұл туралы Finprom.kz сараптамалық қызметі жазды.
2015 жылдың қортындысына сәйкес, Ұлттық қордың қаржылық табыстары 2,1 пайызға азайған. 2016 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы салық және өзге төлемдердің табысы 1,7 есе азайып, 443,7 млрд теңгені құрады.
Төрт айдың түсімі 371,3 млрд теңгені құрау 2013 жылдан бері алғаш рет болып отыр. Маңғыстау облысын есептемегенде, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда секілді барлық мұнайлы аймақтан түсетін қаржы түсімдері азайған. Ұлттық қордың негізгі донорлары болып келген маңызды Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аударымдары да 1,7 есе қысқарған.
Қаражат түсімдерінің бұлай кемуі сыртқы жағдайлардың әсерінен мұнай-газ саласының қиын қаржылық жағдайға тап болуы мен мұнайдың өндірілу және экспортталу көлемінің азаюына байланысты болып отыр.
Сонымен қатар, Ұлттық қорға қаржы түсімдері 2013 жылдан бері азайып келеді. Жалпы алғанда, осы жылдың алғашқы 4 айының көрсеткіші 2013 жылдың қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда 2,8 есе төмен.