Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жарас Сейітнұр: Несиені көбіне көңіл-күймен аламыз

Жарас Сейітнұр: Несиені көбіне көңіл-күймен аламыз
Кредит емес, қарыз деп атау керек Адам өз қалауына бірден қол жеткізу үшін, белгілі бір қажеттілікті өтеу үшін несие алады. Қазір «кредит» сөзі біздің сөздік қолданысымызға әбден еніп алған. Біз бұл сөзден бас тартуымыз керек. Шынын айтқанда, «кредит» деп әспет­те­мей, қарыз деп жазуымыз керек. Бұл адамға психологиялық тұрғыдан басқаша әсер етеді. «Банктен қарыз алдым» деп ойлайды, айтады. *** Несие зиян ба? Несиенің пайдалы жағы да, пайдасыз жағы да бар. Несие – қар­жы­лық құрал. Біз несие берерде адамдардың қаржылық сауаттылық деңгейін ескерген жоқпыз. Несие алу, оны қайтару, оған деген жауапкершілікті үйрететін, жалпы осы салада қажетті ақпарат беретін сабақтар жүрмейді. Әйтпесе, ақшамен жұмыс істеу – күнделікті қажеттілік. *** Адам несиені бірнеше жағдайда алады. Кейде шынында да, ауырып қалса, төтеннен болған жағдайларда сол кездегі тығырықтан шығу үшін несие алады. Себебі, шынын айтқанда, жалақының деңгейі өте төмен. Жалақысы жетіп тұрса кім несие алады? Таза жалақымен бір нәрсеге қол жеткізу қиын. Сондықтан адамдар өз қажеттілігін өтеу үшін несие алуға мәжбүр болады. Жастар жағы өзгелердің алдында мерейі үстем болуы үшін қымбат ұялы телефондарды несиеге алып жатады. Кейде бренд, этикет үшін артық ақша төлейтініміз де бар. Ешкім өзгелердің алдында кем көрінгісі ке­л­мейді. Той жасасақ та, өзгеден қалыспауға тырысамыз. *** Несие алған кезде рационалды түрде шешім қабылдамайды. Несие беретін ұйымдардың бәрінде мықты марке­то­логтар жұмыс істейді. Олар клиентті қызық­тырып, тартудың түрлі жолдарын меңгерген. Тіпті сол мекемеде ойнатылып тұратын әуенге дейін мән береді. Оның үстіне күнделікті жарнамадан естіп отырған соң, маркетологтардың кеңесінен кейін қалай несие алып қойғаныңды өзің де білмей қаласың. *** Адам үмітпен өмір сүреді. Психо­логиялық тұрғыдан алып қарағанда «Аман болсам несиені қайтарамын ғой» деп ойлайды. Бірақ қазір бізде тұрақсыздық өте көп. Жұмыста да әртүрлі жағдай болады. Экономикалық дағдарыс елдің тұрмыс-тіршілігіне де міндетті түрде әсер етеді. Оның несиені қайтара алмай қалуы жеке өз басына ғана байланысты емес. Ол экономикалық дағдарыстың салдарын ескере бермейді. Мұнай бағасының өзгеруі, теңгенің девальвацияға ұшырауы, инфляцияның көтерілуі, тағы басқа да жағдайлар әсер етуі мүмкін. Жұмыста қысқартулар жүргізілуі, жалақы төмендеуі мүмкін. Адам шынында да төлей алмай қалады. Несиені уақытылы төлемесе, пайыздық үстемақысы өсе береді. *** Адам әрқашан ақылға жүгініп шешім қабалдауы керек. Кез келген несиені жос­пармен алуы тиіс. Кейде несиені эмо­циялық түрде ала салады. Бірінен екіншісі қалмай қымбат тон, қымбат телефон, қымбат көлік алып жатады. Бұл біздің менталитетімізге де байланысты. Адам – иррационалды да, рационалды да тіршілік иесі. Яғни, эмоциялық тұрғыдан да, ақыл-ой жағынан да шешім қабылдайды. Бірақ қайсысы басым болып, қайсысының жетегінде кетіп қаламыз? Егер эмоцияның жетегінде кетіп қалатын болсаңыз, онда бұл ойланбай алынған қарыз. Ал ра­цио­налды, яғни ойланып алсаңыз, ол қаржы қалай жұмсалып, қалай қайта­ры­латынының бәрін ойлайсыз. *** Біз көбіне тәуекелдерді есептемейміз. Шынын айт­қанда, несиені көбіне көңіл күймен аламыз. *** Несие алып, соған лайықты өмір сүруге шетелдіктер үйренген. Бізде пайыздық үстемақы өте жоғары. Несие саясаты қарапайым халыққа емес, банк­терге тиімді болып тұр. Халық банктердің «қаржылық тұтқынына» айналды. *** Эко­номика дамуы үшін адамдардың төлем қабілеті болуы керек. Халықтың әлеу­меттік жағдайы төмен болғандықтан тығырықтан жол іздеп, несие алуға мәж­бүр болып отыр. Алған жақсы да, берген қиын. Сондықтан капиталистік елдер­де­гі­дей қаржылық сауаттылыққа мектептен бастап үйретуіміз керек. Жарас СЕЙІТНҰР, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жалпы және қолданбалы психология кафедра­сының доценті Дереккөзі: «Айқын» газеті, Гүлнар Жұмабайқызының «Қайтарылмаған несие мәселесі қашан шешіледі?»  атты мақаласы

Похожие материалы