Жақында желіде «жасыл нәски» туралы жазба қызу талқыланды. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы, тележурналист Жанар Байсемізова жақында өзінің инстаграм парақшасында «Жасыл нәски сатып алғандардың байлыққа кенеліп, қарыздан құтылатыны» туралы жазған еді. Әлеуметтік желідегі аудитория журналистің жазбасын сынға алып, арасында Жанардың бұл сөзіне қолдау көрсеткендер де болды. Тележурналист жасыл түстің киелі екенін, ақша шақыратынын қасиетке ие екенін, доллардың суретінде осы түстің пайдалануы да тегін емес екенін айтқан. Шын мәнінде жасыл түс ақша шақыра ма? 7kun зерттеп көрді.
Жасыл түс Америка мәдениетінде ақшаны ассоциациялайды. Басқа елдерде жастық пен жаңа шыққан көк, өсімдік бейнесімен ассоциацияланады. Ал өзіміздің қазақы танымға сай жасыл мен көк түсі бір-бірінің орнына қолданыла береді. Соған сай жасыл шықты – көктеді, жасыл түсті – көк түсті дейді. Ал әзірбайжан тілінде йаш деген сөз «дымқыл», «сулы», «көк» деп беріледі түсіндірме сөздікте. Славян халқының танымында жасыл түсі «зелёный» – өмір мен жастықшақ, белсенділікпен ассоциацияланады екен.
С.Д.Асфендияров атындағы Медициналық университетінің аға оқытушысы, психолог Алибаева Рауан Нұрғалиқызының айтуынша, жасыл түс – табандылықты, өзімшілдікті білдіреді екен. Психологияда, бұл түсті таңдағандар – өзінің құндылығына деген сенімді жоғарылатқысы келетіндер, айналасындағы адамдардан мақтаулар, жақсы пікірлер күтетін адамдар деп түсіндіріледі. Сондай-ақ, бұл түс тәкаппарлықтың нышаны. Жасыл – адамға сенімділік береді. Жасыл түс – нағыз гармониялық түс. Адамның жүйке жүйесін тыныштандырады. Бұл түс біреудің қуаныш, ренішіне ортақтаса білетін, достары көп адамдарға тән. Жасылдың түрлі реңдері түрліше әсер береді екен: Қою жасыл – суықтық, байлық, еркекшоралық, кертартпалықты сипаттаса, көк жасыл – жағымсыздықты, зәйтүн жасылы – татулықты, бейбітшілікті білдіреді.
Байлық пен ақша шақыратын Симорон техникасында да жасыл түсті шұлықтың ақша шақыратыны туралы айтылады. Симорон техникасы бойынша жаңадан жасыл түсті шұлық сатып алып, әрбір шұлыққа ақша салып, түнде терезеге іліп қою керек. Күнде таңертең сыртқа шыққанда сол шұлықты киіп, жұмысыңызға барып келсеңіз, қаржылық қиындықтарға тап болмайсыз. Түнде шұлықты шешіп, ішіне ақша салып, қайта іліп қою керек. Симорон сенімі бойынша осындай тұжырым жасалған. Жасыл түс – байлықтың түсі, мұсылманның түсі деп көзге көрінген жасыл киімді киіп, үйінің ішін жасыл түсті заттармен толтырып алғандар да бар көрінеді.
Жоғарыда айтылғандар шын мәнінде жүзеге асып-аспауы белгісіз дүниелер. Мұның бәрі адамның сеніміне, қажырлы еңбегіне байланысты. Ешбір ғылым да, ғалым да, психология мен тренинг те байлықтың кімге, қашан, қалай келетінін дөп басып айты алмайды. Қаржылық қиындықтардан құтқаратын рәсімдер тек болжамнан туған. Сондықтан, қарыздан тек қаржылық сауаттылық пен қажырлы еңбек қана құтқара алатынын естен шығармаңыз.