Алматы. 26 мамыр. 7kun.kz - Алдағы үш ай ішінде Қазақстанның қайталама тұрғын үй нарығындағы бағалар өткен айлармен салыстырғанда арзандайтын болады. Homsters.kz компаниясының сарапшылары осындай қорытындыға келіп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, жыл басынан бері қайталама тұрғын үй нарығындағы ұсыныстар саны орта есеппен 30%-ға артқан, ал сұраныс, керісінше, кері динамика көрсетіп отыр. Бұл үй сатушыларды объектілер құнын қайта қарастыруға мәжбүрледі. «Өткен жылдың ортасынан бастап олар валюта баламасындағы шығынның орнын толтыру үшін жылжымайтын мүліктерін саудаға шығармай келген болатын, ал қазір теңге бағамына қатысты жағдайға мойынсұнып, үй бағасын төмендетуге дайын отыр. Сатып алушылар болса нарықтағы бағаның барынша төмендегенін күтетін секілді», - деп атап өтті Homsters.kz компаниясының сату жөніндегі директоры Екатерина Ладыженская.
Наурыз айында Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда қайталама нарықтағы бір шаршы метрдің бағасы ақпан айымен салыстырғанда 15,8%-ға түскенін еске сала кетейік. Сәуір айында бағаның төмендеуі айтарлықтай баяулап, шамамен 4%-ды құрады. Мамырда алдыңғы айлармен салыстырғанда бір шаршы метр құны бар болғаны 1,7%-ға арзандады.
«Ұлттық валюта бағамының өзгеріске түскеніне қарамастан, девелоперлер жаңа жобаларға деген қызығушылықтарын жоғалтқан жоқ және тұрғын үй, сауда һәм коммерциялық мүліктің басын қосатын ірі инфрақұрылымдық жобаларды да қамтитын құрылыстарға рұқсат алуларын жалғастыруда», - деп атап өтті Екатерина Ладыженская.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, осы жылдың алғашқы төрт айында 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Ал өткен жылдың балама кезеңінде бұл көрсеткіш 2,6 млн шаршы метрді құраған болатын.