Қазақ анимациясы Португалияда өтетін фестивальде бақ сынамақ

португалияда өтетін

Алматы. 18 шілде. 7kun.kz – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Күлтегін» атты толықметражды анимациялық фильмі Португалияда өтетін Халықаралық кинофестивальдің негізгі бағдарламасына қатысады.

Қыркүйектің 14-і мен 15-і аралығында Португалияның Порту қаласында өтетін бұл фестиваль осымен екінші рет өткізіліп отыр. Бұл байқаудың мақсаты португалдық және әлемдік фильмдерді кеңінен насихаттау.

«Біздің ұлттық фильмнің әлемдік тұсаукесері осындай белді кинофестивальде өтетініне өте қуанып отырмыз. «Күлтегін» фильмі ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі, бірлігі мен ауызбіршілігі, олардың тұрмысы мен салт-дәстүрлері  туралы. Күлтегін — бұл тұтас бір дәуірдің тарихи тұлғасы. Сондықтан да фильм батыс көрермендеріне қызықты болатынына сенімдімін. Қазылар алқасының да көңілінен шығып, жүлделі орыннан көрінетінімізге кәміл сенемін»,- деді фильмнің режиссері Адай Әбілда.

Естеріңізге сала кетсек, жас режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталмыш тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жастық шағы туралы баяндайды.

Айта кетсек, «Күлтегін» фильмі шілде айының басында Астана қаласында өткен XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің «Еуразия жүрегінде» атты конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген болатын.