KASE: 1 тоқсанда бастапқы нарықта 12,5 млрд теңге көлеміндегі микроқаржы облигациялары орналастырылды
2023 жылдың алғашқы үш айында микроқаржы облигацияларының бастапқы нарығында орналастыру көлемі 12,5 млрд теңгені құрады, ал 2022 жылы 13,9 млрд теңге көлемінде болған еді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы 7kun.kz сауалына берген жауабында хабарлады.
2022 жылы микроқаржы облигацияларының орналастырылу көлемі белгісіздіктің жоғары дәрежесі және мөлшерлеменің өсу циклы есебінен тежелді. Алайда, 2023 жылдың бірінші тоқсанында қор нарығының айтарлықтай қалпына келуі байқалды.
Микроқаржы облигацияларының бастапқы нарығындағы сатып алушылар құрылымында 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың үлесі басым болып – 89,9 % құрады, ал, институционалдық тұлғалардың үлесі – 8 % және басқа заңды тұлғалардың үлесі – 2,1 % құрады.
Микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) 2020 жылы реттеушінің қор нарығында ақша тартуға рұқсатын алды. Жылдық 19,00 % купондық мөлшерлемесімен 4 млрд теңге көлеміндегі "МҚҰ онлайн Қаржы" ЖШС 2 жылдық облигацияларының бірінші шығарылымы 2020 жылдың 14 тамызында листинг процедурасынан өтті.
2023 жылдың 01 сәуіріндегі жағдай бойынша KASE ресми тізімінде 17 эитенттің МҚҰ облигацияларының 34 шығарылымы болды (оның ішінде 15 эмитент "балама" алаңына және екі МҚҰ – "негізгі" сауда-саттық алаңына енгізілген). Микроқаржы компанияларының корпоративтік борышының жиынтық мөлшері 63,7 млрд теңгені құрайды. 2023 жылдың үш айында МҚҰ корпоративтік борышының көлемі 20,5 %-ға өсті.
Компаниялар бойынша бөліністе микроқаржы ұйымдары борышының жалпы сомасының жартысынан астамы "Онлайн ҚазҚаржы МҚҰ" АҚ-ға тиесілі – 36,9 млрд теңге. Бұдан әрі үлкен айырмашылықпен "KMF (КМФ) "Микроқаржы ұйымы" ЖШС – 10 млрд теңге. "Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан" МҚҰ" ЖШС үштікті жабады – 5 млрд теңге.
Шетел валюталарында көрсетілген бағалы қағаздарды KASE-де шығару мүмкіндігі қазақстандық эмитенттерде 2021 жылдың 01 қаңтардан бастап пайда болды. Сол кезеңнен бастап KASE-де купондық мөлшерлемесі жылдық 6-дан 10 %-ға дейінгі АҚШ долларымен МҚҰ-ның 11 шығарылымы тіркелген.
Долларлық облигациялар шетелдік қорларды және валютаға инвестиция салуды қалайтын жергілікті инвесторларды тарту үшін шығарылады. Облигациялар шығарылған кезде МҚҰ орта мерзімді перспективада күтілетін айырбас бағамын болжайды және айналыс мерзімі бір жылдан үш жылға дейінгі және валюта бағамының өзгеру болжамын ескеретін сыйақы мөлшерлемесі бар облигациялар шығарады.