Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Министр: Shell Қазақстанда жұмысын жалғастырады

Министр: Shell Қазақстанда жұмысын жалғастырады

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов халықаралық мұнай-газ алыбы Shell Қазақстандағы инвестициялық жобаларын тоқтатпайтынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұған дейін компания өтемақы талаптарына байланысты елдегі инвестицияларын уақытша тоқтатуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда Shell өкілі Сюзанн Куган бұл мәліметтердің бұқаралық ақпарат құралдарында қате түсіндірілгенін жеткізген.

Ведомство басшысы компания басшылығының сөзі дұрыс жеткізілмегенін атап өтті. Оның айтуынша, Shell Қазақстандағы қызметін әрі қарай дамытуға мүдделі және жаңа жобаларды қарастырып жатыр. Соның ішінде газ өндіруге арналған кен орындарын зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен Энергетика министрлігі компанияға ресми сұрау жолдағандықтан, қазір ресми жауап күтілуде.

Сонымен қатар министр Қашаған кен орнын игерудің екінші кезеңі қандай да бір компанияның шешіміне байланысты емес екенін айтты. Оның сөзінше, жобаның іске қосылмауына техникалық себептер әсер етіп отыр.

Министрдің мәліметінше, Қашаған – технологиялық тұрғыдан күрделі кен орындарының бірі. Онда қабат қысымы өте жоғары, сондай-ақ күкіртсутек пен басқа да зиянды қоспалардың мөлшері көп. Сондықтан барлық жұмыстар кен орнындағы техникалық жағдайларға тәуелді.

Ұқсас материалдар