Қазіргі уақытта агенттіктің аумақтық департаменттері еліміздің 14 өңірінде сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, «CVK» өзін маркетплейс ретінде таныстырып, азаматтарға тұрақты табыс табуға мүмкіндік беретін түрлі инвестициялық пакеттер ұсынған. Ұйымдастырушылар жүйені заңды сауда алаңы ретінде көрсету үшін қатысушылардың жеке кабинеттерінде шын мәнінде болмаған тауарларға қатысты жалған тапсырыстар мен жеткізілімдер туралы ақпарат орналастырып отырған.
Осы әрекеттер үшін пайдаланушыларға виртуалды сыйақылар есептелген. Сонымен қатар жаңа салымшылар тартуға ерекше көңіл бөлініп, реферальдық бағдарлама арқылы адамдарды жүйеге шақырғандарға ақшалай бонустар мен бағалы сыйлықтар уәде етілген.
Агенттік мәліметіне сәйкес, кең көлемді жарнама мен өңірлердегі белсенді насихат жұмыстарының нәтижесінде қаржы пирамидасына шамамен 1,5 мың адам тартылған.
Жобаны ілгерілету үшін ұйымдастырушылар жабық кездесулер өткізіп, кеңселердің ашылу рәсімдерін ұйымдастырған және көпшілікке арналған таныстырылымдар жасаған. Бұл шаралар әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратылып, азаматтардың сеніміне кіру құралы ретінде пайдаланылған.
Тергеу барысында жиналған қаражаттың криптовалюталық платформалар арқылы шығарылып, кейін банктік шоттарға аударылғаны анықталған. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі «CVK» жобасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды тұрғылықты жері бойынша ведомствоның аумақтық бөлімшелеріне жүгінуге шақырды.





