Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

193 QyzPU студенті академиялық ұтқырлықпен шетелде білім алады

193 QyzPU студенті академиялық ұтқырлықпен шетелде білім алады

Жаңа оқу жылында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 193 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарында білім алады.

QyzPU-дың Халықаралық ынтымақтастық департаменті шетелде білім алуға аттанатын студенттермен арнайы кездесу өткізіп, академиялық ұтқырлықтың білім алушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына беретін мүмкіндіктерін түсіндірді.

Университет студенттері Польша, Қытай, Латвия, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстандағы серіктес жоғары оқу орындарында білім алып, халықаралық академиялық ортада тәжірибе жинақтайды.

Академиялық ұтқырлық – студенттердің білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа оқу тәжірибесін меңгеруіне, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне және өзге мәдениеттермен танысуына мүмкіндік беретін маңызды бағдарлама. Шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу студенттердің дербестігін арттырып, халықаралық ортада коммуникациялық және бейімделу дағдыларын қалыптастыруға да ықпал етеді.

Кездесу барысында студенттерге шетелдегі оқу үдерісіне бейімделу, қажетті құжаттарды рәсімдеу, академиялық талаптарды сақтау мәселелері бойынша кеңестер берілді. Сонымен қатар жаңа әлеуметтік ортаға бейімделу, шетелдік студенттермен қарым-қатынас орнату және мәдени ерекшеліктерді құрметтеу жөнінде маңызды ақпарат ұсынылды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасына филология, жаратылыстану ғылымдары, физика-математика, IT, тарих, география, өнер және басқа да бағыттар бойынша білім алып жатқан студенттер қатысады.

Айта кетейік, Халықаралық ынтымақтастық департаменті 2026 жылғы қазанда 2026–2027 оқу жылының көктемгі семестріне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттерді іріктеу конкурсын жариялауды жоспарлап отыр.

 

Ұқсас материалдар