2026 жылдан бастап Қазақстан QazTech базасындағы цифрландырудың платформалық моделін енгізеді.
Бұл тәсіл цифрлық шешімдерді бірыңғай архитектура аясында дамытып, қызметтердің қайталануын және артық бюджеттік шығындарды болдырмауға бағытталған.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың QazTech ұлттық платформасына міндетті түрде көшу мәселесі талқыланды.
2026 жылдың басынан бастап QazTech платформасынан тыс жаңа ақпараттық жүйелерді әзірлеуге мораторий енгізіледі. Бұл мемлекеттік цифрлық сервистер мен деректерді шоғырландыруға, артық жүйелер санын қысқартуға және қауіпсіз әрі үйлесімді цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мақсат – бытыраңқы жобалардан бас тартып, тиімді әрі орнықты бірыңғай цифрлық мемлекеттік платформаны құру.





