Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысында 2026 жылдан бастап шағын кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер енгізілетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, міндеттемелерінің сомасы 1 млн теңгеден аспайтын кәсіпкерлер мүлік, көлік және жер салықтары бойынша тоқсан сайынғы төлемдерден босатылады.
Министрдің сөзінше, мұндай кәсіпкерлер жылына бір рет ғана декларация тапсырып, салықты жыл қорытындысы бойынша төлейтін болады. Бұл өзгеріс салық есептілігін оңайлату және әкімшілік жүктемені азайту мақсатында енгізіліп отыр.
Сонымен қатар салық есебін тапсырмағаны үшін айыппұл салу тәжірибесі жойылады. Егер декларация берілмесе, ол нөлдік көрсеткішпен тапсырылды деп есептеледі. Алайда кәсіпкерлердің кейіннен деректерді нақтылап, қосымша есептілік ұсыну құқығы сақталады.
Мәди Тәкиев атап өткендей, салық есептілігі нысандарының саны соңғы жылдары едәуір қысқарып, 2009 жылдан бері 70-тен 28-ге дейін азайған.





