Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардан түсетін табыстың айтарлықтай өскені туралы баяндады.
2024 жылы түсім сомасы 48 млрд теңгеге жетті. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскені іске қосу жоспарлануда, бұл кірісті 60 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін.
«Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылуда», – деп атап өтті министр.
Бюджетке түсетін жүктемені азайту әрі өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкциялау және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы жол» мәртебесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазіргі уақытта бүкіл еліміз бойынша ұзындығы 3,2 мың шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді.
Сонымен қатар министр жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының дамуын атап өтті. Бүгінде елімізде 1 446 жол бойы сервистік объектілері жұмыс істейді, оның 90%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ 400-ден астам заманауи қызмет көрсету нысандарын салу үшін ірі инвесторларды тарту жоспарлануда.
«2029 жылға дейін 60 бірлік кешенді объектілердің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 10 бірлігі осы жылы жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі 120 млрд теңге. Оларда жатын орын, TIR тұрағы және жанармай бекеттері қарастырылған. Жол бойы сервистік объектілерін дамытудың негізінде елімізде бірінші рет отандық қонақүйлер жүйесі және олардың франшизасы қалыптасатын болады. Бұл жол бойы объектілерінің тасымал процессімен қатар, автотуризмнің де дамуына септігін тигізеді», – деп атап өтті Марат Қарабаев.