
Жәрдемақы тағайындауда кейінгі екі жылдағы әлеуметтік аударымдар тексеріледі. Жәрдемақы екі көзден тағайындалады.
Егер әйел жүктілік кезінде еш жерде жұмыс істемесе, төлем мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Ал егер жұмыс істеп жүріп, декреттік демалысқа шықса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы алып отырады. Яғни 1,5 жыл бойы ай сайын орташа жалақысының 40%-і төленеді. Дәл осылай ер азаматтар да декреттік демалысқа шыға алады. Ол үшін бала дүниеге келген соң тиісті құжаттарды тапсырса болғаны.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ өкілі Гүлбағила Болатбекова:
«Ер азаматтар бізге жүгінген кезде біз олардан жұмыс орнынан ақысыз демалысқа кеткені туралы 1,5 жасқа дейінгі баланы күтіміне байланысты жаңағы бұйрықтың көшірмесін сұратамыз. Мысалы, ақпан айында туса, ақпан айынан бастап 1,5 жасқа дейін ақысыз демалысқа кетті деген жаңағы бұйрықты алып келсе, онда біз тағайындаймыз ер азаматтарға. Былтыр 2024 жылы сондай 477 ер азамат біздің қордан әлеуметтік төлем алуға жүгініп, оларға тағайындалды», – деді.