
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану қарқыны артып келеді.
Қазіргі таңда ел аумағында 156 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр, олардың жалпы қуаты 3 мың мегаваттан асады.
2024 жылы бұл нысандар елдегі жалпы электр қуатының шамамен 7 пайызын қамтамасыз еткен. Өткен жылы олар 7,58 млрд киловатт/сағат электр энергиясын өндірген.
2025 жылы жаңартылатын энергия саласында тағы 9 жаңа нысанды іске қосу жоспарланған. Бұл жобалардың жиынтық қуаты 455 мегаватты құрайды. Қазіргі уақытта олардың үшеуі қолданысқа енгізілді.
ЖЭК саласына шетелдік инвестиция тарту ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда жалпы қуаты 5 гигаваттқа жуық болатын бірқатар инвестициялық жоба қаралуда.
Алдағы жылдарға арналған жоспар ауқымды: 2035 жылға дейін кемінде 8,4 гигаватт көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерін іске қосу көзделіп отыр.
Жаңартылатын энергияны пайдаланатын шағын күн немесе жел станциялары арқылы өзін-өзі энергиямен қамтамасыз етіп, артығын сата алатын кәсіпорындардың саны да артып келеді.
2024 жылы осы бағыттағы келісімдер саны екі есе өсіп, 47-ден 103-ке жеткен. Олардың жиынтық қуаты 6 мегаваттан асты.