Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

90 қала мен 6 087 ауыл ауыз сумен толық қамтылды

90 қала мен 6 087 ауыл ауыз сумен толық қамтылды
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілді.

Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін халықты толық ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырманы орындау үшін сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамытуға кешенді жұмыс жүргізілген. Осы мақсатта бюджеттен шамамен 835 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 132 млрд теңге Арнаулы мемлекеттік қор есебінен бағытталған. Жалпы 1,6 мыңнан астам жоба іске асырылған.

Нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталық су жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған.

Вице-министрдің мәліметінше, бүгінде 4 747 ауыл орталық су жүйесімен қамтылған. Тағы 1 340 ауыл орталықтандырылмаған жүйелер арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде 1 102 ауылда су тазарту блок-модульдері орнатылған. Халқы аз 219 елді мекенде су ұңғымалар арқылы жеткізіледі, ал 19 шалғай ауылға ауыз су тасымалданып жеткізіледі.

«Әртүрлі сумен жабдықтау тәсілдерін қолдану қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік берді», – деді Қуандық Қажкенов.

Ұқсас материалдар