Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Air Astana Airbus компаниясынан 50 жаңа ұшақ сатып алады

Air Astana Airbus компаниясынан 50 жаңа ұшақ сатып алады

Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы Air Astana еуропалық Airbus компаниясынан 50 жаңа ұшақ сатып алады.

Тиісті келісім Бельгияда жасалды. Бұл туралы Брюссельде журналистерге берген сұхбатында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді.

Оның айтуынша, келісім Мемлекет басшысының Бельгияға жасаған сапары аясында қол қойылған құжаттардың бірі болып табылады. Жоба Қазақстан мен Еуропа арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

– Air Astana үшін Airbus компаниясының 50 жаңа ұшағын сатып алу туралы келісім жасалды. Ұшақтарды жеткізу 2031 жылдан басталады. Бұл мәміле еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Жақыпов.

«Самұрық-Қазына» басшысының мәліметінше, келісімнің жалпы құны шамамен 8,3 млрд еуроны құрайды.

Жаңа әуе кемелері Airbus A320 және Airbus A321 үлгілерінен тұрады. Компания өкілдерінің айтуынша, әуе паркінің жаңаруы ішкі және халықаралық бағыттардағы тасымал мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Сондай-ақ жаңа ұшақтар Қазақстанның өңірлері мен Еуропалық одақ елдері арасындағы әуе қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бельгиядағы келіссөздер барысында көлік және өнеркәсіп салаларына қатысты өзге де маңызды құжаттарға қол қойылған. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» компаниясының қатысуымен Орта дәлізді дамыту және жүк тасымалын арттыру бағытындағы жобалар бойынша келісімдер жасалған.

Сонымен бірге француздық Technip компаниясымен Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнінде келісімге қол қойылады.

Бұдан бөлек, MyRechemical компаниясымен экологиялық таза авиациялық отын өндіретін зауыт салу туралы құжат рәсімделмек.

Нұрлан Жақыповтың айтуынша, жаңа мұнай өңдеу зауыты бойынша зерттеу жұмыстары қазір жүргізіліп жатыр. Олар жыл соңына дейін аяқталғаннан кейін жобаны іске асыруға қатысты нақты инвестициялық шешім қабылданады.

Сарапшылардың пікірінше, Air Astana әуе паркінің кеңеюі жолаушылар тасымалының сапасын арттырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін күшейтуге де ықпал етеді.

Ұқсас материалдар