АҚШ билігі 66 халықаралық ұйымнан шығу туралы шешім қабылдады.
Тиісті меморандумға АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойды. Бұл туралы Ақ үй хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, тізімге «Америка мүдделеріне сай келмейтін» ұйымдар енгізілген. Құжатта барлық атқарушы департаменттер мен ведомстволарға БҰҰ-ға кірмейтін 35 ұйымнан, сондай-ақ АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне, қауіпсіздігіне, экономикалық әл-ауқатына немесе егемендігіне қайшы келеді деп танылған БҰҰ-ның 31 құрылымынан шығу және оларды қаржыландыруды тоқтату тапсырылған.
Бұл шешім АҚШ қатысып келген немесе қаржылай қолдап отырған халықаралық ұйымдар, келісімдер мен шарттарға жүргізілген талдау нәтижесінде қабылданған.
Билік өкілдерінің айтуынша, салық төлеушілердің қаражатын анағұрлым тиімді әрі нәтижелі бағыттарға жұмсау көзделіп отыр.





