Фото ЖИ
Сапардың мақсаты - АҚШ әкімшілігі тарапынан Гренландияны АҚШ-қа қосу жөніндегі мәлімдемелер аясында Дания билігіне қолдау білдіру. Бұл туралы Associated Press хабарлады.
Делегацияны бастап барған демократ сенатор Крис Кунс Копенгагендегі баспасөз мәслихатында: «АҚШ үшін Даниядан артық одақтас жоқ. Егер біз дат халқын НАТО бойынша одақтас ретінде бізге сенуге бола ма деген ойға қалдыратын әрекеттер жасасақ, онда басқа елдер неге бізбен одақтас болуға немесе біздің уәделерімізге сенуге тиіс» — деп мәлімдеді.
Ол Вашингтоннан Гренландияға қатысты айтылып жатқан пікірлер Данияда алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтіп, жағдайдың ушығуына жол бермеуге ықпал еткісі келетінін айтты. Сондай-ақ сенатор Дания азаматтары АҚШ-қа деген сенімін жоғалтпайды деген үміт білдірді.
«Қазіргі таңда Гренландия үшін қауіпсіздік саласында ешқандай қатер жоқ», — деп нақтылады Кунс.
Associated Press агенттігінің еске салуынша, алдағы уақытта Копенгаген мен Гренландия астанасы Нуукта аралдың қазіргі мәртебесін қолдауға бағытталған шерулер жоспарланған.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Гренландияны АҚШ-қа қосуға ұмтылатынын бірнеше рет мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін, соның ішінде «Алтын күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орналастыру тұрғысынан маңызды. Ал аралды бақылап отырған Дания билігі Гренландиядан бас тартпайтынын, ал Гренландияның өз билігі АҚШ құрамына кіруді қаламайтынын мәлімдеген.
Бұған дейін Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосу жоспарына кедергі келтіргісі келетін елдерге қатысты кедендік баж енгізу мүмкіндігін де жоққа шығармаған.
Сәрсенбі күні Вашингтонда АҚШ, Дания және Гренландия өкілдерінің кездесуі өтті. Кейін Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен тараптар арасында елеулі келіспеушіліктер сақталып отырғанын атап өтті. Дегенмен, Гренландия мәселесі бойынша арнайы жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілген.





