АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореядан импортталатын тауарларға салынатын кедендік баж салығын 15 пайыздан 25 пайызға дейін арттыру туралы шешім қабылдады.
Бұл жөнінде ол 26 қаңтар күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды DW. Трамптың мәлімдеуінше, Оңтүстік Корея парламенті АҚШ-пен жасалған сауда келісімінің талаптарын орындамай отыр.
«Президент Ли екеуміз 2025 жылғы 30 шілдеде екі елге де тиімді келісімге келдік. Бұл шарттарды 2025 жылғы 29 қазанда Кореяға сапарым кезінде тағы да растадық», – деді Ақ үй басшысы.
Алайда оның айтуынша, аталған келісім әлі күнге дейін Кореяның заң шығарушы органы тарапынан қабылданбаған.
«Кореяның заң шығарушы органы тарихи сауда келісімін бекітпеді. Осыған байланысты автокөлік, ағаш өнімдері, фармацевтика және басқа да барлық өзара тарифтер 15 пайыздан 25 пайызға дейін көтеріледі», – деп жазды Дональд Трамп.
Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің хабарлауынша, АҚШ тарапынан ресми нота әлі түспеген. Осыған байланысты Сеулде шұғыл кеңес өткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2025 жылғы шілде айының соңында Дональд Трамп АҚШ пен Оңтүстік Корея жаңа сауда шарттары бойынша келісімге келгенін жариялаған болатын. Ол келісімге сәйкес, кореялық тауарларға 15 пайыздық баж салығы енгізіліп, ал АҚШ өнімдеріне Корея тарапынан тариф салынбайтыны айтылған. Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, бұл келісім АҚШ экономикасына 350 млрд доллар көлемінде инвестиция тартуға, сондай-ақ Сеулдің Вашингтоннан 100 млрд доллардың энергетикалық ресурстарын сатып алуына жол ашуы тиіс еді.





