
АҚШ-тың Нью-Йорк штатының Оңтүстік округінің федералдық соты Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпуновты Алматы қаласы мен «БТА Банкі» берген талап арыз аясында сот шешімдерін орындамағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот тыңдауы 6 тамызда өтті. Қазақстан Әділет министрлігінің хабарлауынша, федералды судья Джон Г. Келтл Храпуновтың сот бұйрықтарын бұзғанын және өз активтері туралы тұрақты есеп бермегенін анықтады.
Бұған дейін шығарылған $221 мың төлеу туралы шешімге қосымша, сот Ілиясты қаржысы мен шығынды өтеуге бағытталған әрекеттері туралы толық ақпарат ашуға міндеттеді. Егер ол талаптарды орындамаса, жаңа санкциялар қолданылуы мүмкін. Сонымен бірге, ол Алматы қаласы мен «БТА Банкіне» қатысты сот шығындарын өтеуге міндеттелді.
Ілияс Храпунов 2008 жылдан бері Швейцарияда тұрады. Оның отбасы, соның ішінде бұрынғы қала әкімі Виктор Храпунов Қазақстанда жемқорлық пен мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталып отыр. АҚШ пен Ұлыбритания соттарында оларға қарсы жүздеген миллион доллар көлемінде талап арыздар қаралуда. Оның ішінде Мұхтар Әблязовпен бірге активтерді заңсыз шығаруға байланысты істер де бар.