Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі ақылы жолдармен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізді.
Тиісті бұйрыққа қол қойылып, жаңа ережелер жүргізушілер үшін төлем процесін жеңілдетіп, икемдірек етуге бағытталған.
Бұған дейін қолданыста болған тәртіп бойынша, жүргізуші жол ақысын 7 күн ішінде төлемесе, 8-күні материалдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі негізінде қарау үшін көліктік бақылау органдарына жіберілетін.
Енді жаңа тәртіпке сәйкес:
-
Жеке тұлғалар жол жүрген күннен бастап 30 күн ішінде төлем жасай алады.
-
Егер төлем жасалмаса, 31-күні материалдар көліктік бақылау органдарына жіберіледі.
Сонымен қатар алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек төлем тәртібі енгізілді.
-
Заңды тұлғалар есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасауы тиіс.
-
Егер төлем уақытында жасалмаса, келесі күні материалдар көліктік бақылау органдарына жолданады.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жолдармен жүргені үшін төлем жасауға жүргізушілерге қосымша уақыт беруге және әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайларын азайтуға бағытталған.
Жаңа бұйрық ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді





