Ұлттық мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГаздың» бұрынғы аппарат басшысы Александр Черепанов телефон арқылы жасалған алаяқтықтың құрбаны болды.
Бұл туралы Kazachkov offside телеграм-арнасы хабарлады.
Сот Өзбекстан азаматтары – 19 жастағы Тимур Құралбаев пен 24 жастағы Музафар Каршибаевты кінәлі деп таныды. Тергеу мәліметінше, олар Қазақстанға арнайы алаяқтық схемаға қатысу үшін келген және курьер ретінде әрекет еткен. Жәбірленушілерден алынған ақшаны банктер немесе үшінші тұлғалар арқылы әрі қарай аударып отырған.
Іс материалдарына сәйкес, алаяқтар кең таралған сценарийді қолданған. Алдымен Черепановқа өзін әріптесі ретінде таныстырған адам хабарласып, «ҚазМұнайГаз деректерінің таралуы» және «терроризмге қатысты қылмыстық іс» туралы ақпарат айтқан. Кейін өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалып, жинақтарын «сақтап қалуға көмектесеміз» деп сендірген.
Күшті психологиялық қысымның әсерінен ол бірнеше күн ішінде банктердегі барлық қаражатын шешіп алып, пәтерін де сатып жіберген. Жалпы шығын көлемі 622 мың АҚШ доллары және шамамен 90 миллион теңгені құраған. Ақша курьерлерге, соның ішінде сотталған шетел азаматтарына берілген.
Тергеу Құралбаев пен Каршибаевтың тағы бір қарт әйелге қатысты алаяқтыққа қатысы барын да анықтады. Сот екі айыпталушыны 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ұрланған қаражат Қазақстаннан тыс жерге шығарылған.
Құқық қорғау органдары азаматтарды телефон алаяқтығына қатысты сақ болуға және әсіресе қарт туыстарын мұндай схемалар туралы алдын ала ескертуге шақырды.





