Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Алашорда ісінің» алғашқы 6 томы жарыққа шықты

«Алашорда ісінің» алғашқы 6 томы жарыққа шықты

Бүгін Алматыдағы ҚР Президенті мұрағатында «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» деп аталатын көлемді зерттеу еңбегінің алғашқы 6 томы БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Президенті архиві ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу Орталығының басшысы – саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетованың айтуынша қалған 6 томдық жақын арада жарыққа шығады.

«Бұл мемлекет деңгейінде бірінші рет жүргізілген, өте ауқымды, маңызды жоба. Жаңадан шыққан көптомдықта бұрын халыққа беймәлім болып келген деректерді жариялауға күш салдық. Алғашқы 6 томдықтың өзінде бұған дейін еш жерде жарияланбаған тың деректер мен фотосуреттер кездеседі. Үш мыңнан астам құжат бірінші рет ғылыми айналымға енді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшелерінің жинаған материалдары сол кездегі саяси ахуалды дәл сипаттайды. 12 томдықта тек Алаш арыстарымен ғана шектелмедік, мысалы 9-шы томда сол кезеңдегі дәулетті адамдар мен діни қайраткерлер туралы тың деректерді де жинадық. Сондықтан мұндай маңызды еңбектің әр үтір-нүктесіне мұқият қарап, безендірілуі, сапалы болуына күш салдық. 1 жылдың көлемінде 12 томдық кітапты басып шығару бұған дейін болмаған. Жұмыс тобы, баспа өте ауқымды жұмыс жасауда», – деді Гүлшат Рамазанқызы.


Ғалымның айтуынша құжаттарды іріктеу, құпиясыздандыру жұмыстары жүргізіліп, содан кейін ғана ғылыми айналымға енгізу ұсынылған. Әр кітабы 500 беттен асатын 12 томның әрқайсысы 2 мың тиражбен таралады.

Жобаның ғылыми жетекшісі  тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді мұндай еңбек бұған дейін жарық көрмеген, сондықтан мұның маңызы ерекше, дейді.

«Кітапта жарияланған құжаттардың барлығы Ұлт азаттық қозғалыстың болғанына дәлел. Мұнда өте маңызды материалдар бар. Олардың барлығы осы уақытқа дейін жасырын архивте жатты. Енді жарыққа шығып жатыр. Ол ұлттық мүддеге, ұлтқа жұмыс істеуі тиіс. Архивті сарғайған, иісі шыққан қағаз деп ойламау керек. Алаш зиялыларына қатысты құжаттардың архивте жатқаны жөн емес. Ұлт азаттық көтерілісіне қатысты басылым бұған дейін жарық көрмеген. Бұған мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекетке, Президентке және осы жұмысқа тікелей басшылық жасаған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге рахмет айтамыз», – деді Мәмбет Қойгелді. 

Ғалымның айтуынша бұл бағытта көрші мемлекеттерде де жұмыстар жүргізілуде, бірақ Қазақстанда басталған жұмыстар ауқымы жағынан кеңірек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың комиссия құрып, бұл істі мемлекеттік деңгейде жүргізуге мүмкіндік бергеніне тарихшылар дән риза. 

Айта кетейік, 2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен комиссия  үш жылдан астам ауқымды жұмыстар жүргізді. Комиссия архивтік деректер негізінде Қазақстанның әр аймағында қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар анықталып, тізімін жасады. Қазақстандағы репрессия жылдары орын алған тарихи әділетсіздіктерді қалпына келтіріп, қуғын-сүргін құрбандары ақталды. Тарихи зерттеулер барысында көптеген архивтік құжаттар ашылып, сол арқылы саяси қуғын-сүргін оқиғалары туралы ақпарат нақтыланды. Алғашқы 6 томы жарық көрген «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдық сол іргелі істің нәтижесі.  

Ұқсас материалдар