Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандықтарға ескерту жасады

Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандықтарға ескерту жасады

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, алаяқтар ресми орган атынан хабарласып, өзін «заңгер» не «тексеруші маман» деп таныстырады.

Хабарлама жіберген соң «сіз қызмет ететін ұйымға қатысты тексеру басталғанын» айтады.

«Алайда агенттік мұндай хат жібермейді және телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. ҚМА шот нөмірін, SMS-код пен құжаттарға қатысты құпия ақпаратты талап етпейді», – делінген ақпаратта.

Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті атынан жалған хаттар таратып, қызметкерге мінездеме немесе басқа ақпарат беруді сұрайды.

Тіпті WhatsApp арқылы сол ұйымның басшысы мен есепшісінің атынан хат жазады. Басшылардың фотосы мен аты-жөнін пайдаланады.

«Бұл адамды адастыруға себеп болады. Хабарламалар кейде мемлекеттік тілде жазылады. Кейін «заңгер» ретінде хабарласып, «құпия ақпарат» екенін айтып, құқық қорғау органдарына айтуға тыйым салады», – делінген ақпаратта.

Хабарласқан бейтаныс адамдар жан-жақтан бір мезетте қоңырау шалып, хабарлама жібереді. Бұл адамның қорқыныш сезімін тудырады. Адам ойланып үлгермей әрекет етеді.

«Жәбірленушіге банкке дереу бару және көрсетілген нұсқауларды орындау қажет делінеді. Салдарынан азаматтар жинаған ақшасын шешіп, алаяқтарға жібереді. Әдетте зейнет жасындағы адамдарға жиі хабарласады», – деп хабарлайды агенттік.

Мамандар мұндай жағдайда ең алдымен сабыр сақтауға шақырады. Әңгімені сол жерден тоқтатып, тіркелу қажет делінген сілтеме арқылы өтпеуді ұсынады. Сондай-ақ ешкімге ақша аудармау қажет.

Содан кейін жұмыс орныңыздағы бухгалтерия немесе заң бөліміне хабарласып, осындай хат келген-келмегенін нақтылаған жөн.

Хабарласқан нөмірді сақтап, ақпаратты құқық қорғау органдарына хабарлау керек.

Жыл басынан бері елімізде 16 500-ден астам интернет алаяқтық дерегі тіркелді. Былтыр 22 500-ден аса жағдай анықталған. 

Ұқсас материалдар