
Alatau City Bank акционері Вячеслав Ким Digital Bridge 2025 халықаралық форумы аясында кәсіпкер әрі Binance компаниясының негізін қалаушы Чанпен Чжаомен кездесті. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.
Қазақстан тарапынан кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты.
Кездесу барысында Чанпен Чжао Binance-тың инновациялық құралдарын – Binance Pay және BNB Chain жүйелерін таныстырды. Бұл шешімдер бүгінде әлем бойынша кеңінен қолданылып келеді.
Binance Pay пайдаланушыға QR-код пен банк терминалы арқылы криптовалюта төлемдерін қауіпсіз және жылдам жасауға мүмкіндік береді. Ал BNB Chain ауқымы кеңейіп жатқан қаржылық қосымшаларды құру үшін төмен комиссия мен жоғары жылдамдықты қамтамасыз етеді.
Талқылау кезінде дәстүрлі қаржы құралдары мен цифрлық активтерді біріктіретін жаңа буынның әмбебап банкын құру тұжырымдамасы қарастырылды. «Alatau City Bank» инфрақұрылымына Binance шешімдерін интеграциялау мүмкіндігіне назар аударылды.
Атап айтқанда, Вячеслав Ким банк тарапынан ынтымақтастыққа дайын екенін айтып, Binance Pay жүйесін банктің төлем терминалдарына енгізуге қызығушылық білдірді. Бұл клиенттер мен серіктестерге күнделікті өмірде криптовалюта арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастыққа өзара дайын екенін білдіріп, мұндай бастамалар цифрлық экономиканы дамытуға, озық технологияларды енгізуге және Қазақстанның финтех пен цифрлық актив саласындағы өңірлік хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.