ҚР «Сайлау туралы» Заңына сәйкес, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының тізімі бойынша Алматы қаласы Мәслихатының депутаттық мандаты Асқар Бискультановқа берілді, деп хабарлады Алматы қаласы мәслихатының баспасөз қызметі.
Естеріңізге салсақ, «Ақ жол» партиясынан депутат Олжас Нұралдинов өзінің жеке өтініші негізінде өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, нәтижесінде депутаттық корпус құрамында бос орын пайда болды.
Асқар Бискультанов білімін Ұлыбританияда алып, Rugby School және University College London оқу орындарын «Экономика ғылымдары» мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзінің кәсіби еңбек жолын Еуразиялық даму банкінен бастаған, онда жетекші маман және жобалық топтың менеджері қызметін атқарған. 2013 жылдан бастап құрылыс саласында жетекшілік қызметтерді атқарып келеді, оқазір «Темірбетон-1» ЖШС-ның бас директоры. Сонымен қатар, Қазақстан темірбетон өнімдерін өндірушілер қауымдастығының төрағасы болып табылады.
Асқар Бискультанов қоғамдық жұмыстарға белсене араласады: қайырымдылық ұйымдарына қолдау, Жетісу ауданының Ардагерлер кеңесіне көмектеседі, сондай-ақ спорттық бастамалардың, оның ішінде жастар арасындағы регби чемпионаттарын ұйымдастырудың дамуына ықпал етеді. Оның әлеуметтік жауапкершілік саласындағы қызметі төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен аудандарға көмек көрсетуді, мектептер мен қаладағы хайуанаттар бағын қолдауды, сондай-ақ Наурызбай ауданында медресе құрылысын жүзеге асыруды қамтиды.
2021–2023 жылдар аралығында Алматы қаласы Мәслихатының VII сайланымының депутаты болған.
«Депутаттық тәжірибесі, кәсіби білімі және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы Асқар Қуандықұлына қала дамуының өзекті мәселелерін шешуде және алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсартуда өз үлесін жалғастыруға мүмкіндік бермек», – деп түйіндеді Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.