Алматы облысында таулы аймақтағы туристік нысандарға баратын жолдар жөнделуде
Алматы облысының Райымбек ауданында туристік нысандарға апаратын 95 шақырым жол жөнделіп жатыр, – деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Көккемер жайлауындағы сұлулығы жан тербететін туристік нысанның бірі – теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте орналасқан Текес сарқырамасы. Жергілікті халық Күркілдек деп те атайтын аумаққа алдағы уақытта туристер оңай жете алады. Себебі Көккемер жайлауының кіреберісіндегі 21 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Ол үшін 10 техника мен 25 қызметкер жұмылдырылған. Бүгінде жұмыстың 30% атқарылды. Келесі жылы толығымен аяқталады.
Одан бөлек атақты Шалкөде жайлауының кіреберісіндегі автомобиль жолын орташа жөндеу жұмысы қолға алынды. Жалпы ұзындығы – 32,5 шақырым. Қазіргі уақытта 26 шақырым жол негізі дайындалды және 10 су өткізгіш құбыр ауыстырылып, 4 шақырым асфальт жабыны төселді. Бүгінде жөндеу жұмысының жартысынан көбі орындалды. Жыл соңына дейін тәмамдалады.
Шұбартал жайлауына ұзындығы 28,5 шақырым болатын жол салыну үстінде.
Көркі көз тұндырар тағы бір нысан – Байынқол аңғары. Бүгінде 13 шақырым жолдың орташа жөндеуі 30%-ға бітті. Сонымен қатар жол бойында арнайы автотұрақ қарастырылған. Жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.





