
Алматы-Өскемен тасжолында ірі жол-көлік апаты болды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖолдың» баспасөз қызметі мәлімдеді.
– 2025 жылғы 15 қаңтар сағат 07:30 шамасында «Алматы-Өскемен» автожолының 28 шақырым учаскесінде («Алматы-Қонаев» бағытында) 18 автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Апат қалың тұман кезінде болды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқыс оқиға жүргізушілер шектеулі көрініс кезінде жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтамауы салдарынан болған, – делінген хабарламада.
Оқиға болған жол учаскесі ІА техникалық санатқа жатады, 6 жолақты. Жолдың жүру бөлігі құрғақ, ақаусыз және бөгде заттар болмаған.
Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қосымша мәліметтер анықталуда.