ЛАГУНА БИЧ – Қаржылық нарықтар іскер топтар мен тұтынушылардың жақында қалыптасқан АҚШ экономикасына деген сенімді көзқарасы енді ЖІӨ-нің өсуі, инвестицияның артуы, тұтыну мен жалақы көлемі сияқты нақты сандарға ауысады деп сенетін сияқты. Бірақ экономистер мен саясаткерлер онша сенімді емес. Олардың күмәні орынды ма, жоқ па, АҚШ-тың да, бүкіл әлемнің де экономикасының жағдайы соған тікелей байланысты болмақ.
Дональд Трамптың президент болып сайлануы экономикада оң өзгерістер болады деген үмітті оятты, себебі ол қайта реттеу саясатын белсенді түрде жүргізіп, салықтарды азайтатынын, реформаларды жүзеге асыратынын, инфрақұрылым құрылысына көп көңіл бөлетінін айтып уәде берген. Конгрестің қос палатасында көпшілікті құрайтын республикалықтар бұл оң көзқарасты одан әрі қуаттай түсті, себебі бұл «Трамп президенттігінің көп бөлігінде биліктің басқа тармақтарымен итжығыс болып, кібіртіктей берген Барак Обаманың тағдырын қайталамайды» дегенді білдірді.
Бизнес пен тұтынушының көңіл-күйі америкалықтардың психикасында терең орныққан «қайта реттеу және салықтарды қысқарту әрдайым өсімге бастайтын трансформациялық кәсіпкерлікке жол ашады» деген психологияны айғақтайды. (АҚШ-тан басқа елдер үшін бұл соқыр сенім сияқты көрінуі де мүмкін).
Әрине, бұл көңіл-күйдің ауаны екі бағытқа да ойысуы мүмкін. Трамптікі сияқты «бизнесті қолдайтын» ұстаным бәлкім тіпті шектен тыс сенім тудыруы мүмкін, бір жағынан «лидер бизнеске қарсы» деген ұстаным бұл сенімді азайтуы да ықтимал. Көңіл-күй адамның нақты әрекетіне әсер ететіндіктен, бұл құбылулардың ықпалы зор болары анық.
Джон Мейнард Кейнс өзінің «Жұмыс, үстеме және ақшаның жалпы теориясы» атты әйгілі еңбегінде адам бойындағы «жануар түйсігі» туралы айтқан. Оның айтуынша, «адам табиғатының бір ерекшелігі – біздің позитивті әрекеттеріміз моральдық, гедонистік не экономикалық тұрғыдағы математикалық есепке емес, өздігінен болатын оптимизмге тәуелді». General Electric компаниясын 20 жыл басқарған Джек Уэлч осының бір мысалы бола алады. Бір сөзінде ол бизнестегі ірі шешімдерінің көбін сараптамалық модельдер мен бизнестік болжамдардың негізінде емес, «ішкі түйсікке» сүйене отырып қабылдағанын айтқан.
Бірақ көңіл-күй әрдайым нақты экономикалық тенденциялар мен өзгерістердің көрсеткіші бола бермейді. Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Шиллер оптимизмнің «иррационалды эйфорияға» ұласып кететінін дәлелдеген. Мұндай жағдайда инвесторлар активтердің құнын экономикалық көрсеткіштерден алшақ деңгейде бағалайды. Олар активтердің құнын ұзақ уақыт жоғары ұстап тұруы мүмкін, сондықтан бұл көңіл-күй компаниялар мен экономикаларға да әсерін тигізеді.
Әзірге нарықтардың Трамптың жеңісіне елірген реакциясы (АҚШ-тағы қор индекстері рекордтарды бірнеше мәрте жаңартты) нақты көрсеткіштерге әсер ете қойған жоқ. Оның үстіне, экономика саласының сәуегейлері өсім туралы болжамдарға аз-маз ғана оптимистік өзгеріс енгізді.
«Жануар түйсігі» іске қосылғанда инвесторлардың экономикалық серпілістің алдында жүруге тырысуы таң қалдырмайды. Себебі олар шынайы экономикадағы және корпоративтік сектордағы оқиғаларды болжау негізінде жұмыс істейді. Олар болжамдары өзгерген жағдайда өз портфолиоларын жылдам өзгерте қоятындарына сенімді.
Бұлардың жаңа зауыттар мен құрал-жабдықтарға инвестиция салып жатқан компанияларға қатысы жоқ, себебі олар ауызша айтылғандар нақты саясатқа ұласпайынша өз мінез-құлықтарын өзгерте қоймайды. Бірақ олар ұзақ күткен сайын экономикалық белсенділік те, табысты ұлғайтуға деген құлшыныс азая түседі, яғни позитивті көңіл-күйі нақты тауарлар мен қызметті сатып алуға ұласуын күтетін тұтынушылар саны да барған сайын арта береді.
Сондықтан да экономика саясаттағы мәлімделер жан-жақты жобаға айналып, оны жүзеге асырудың ұзақмерзімді жоспары жасалғанын күтеді. Саяси келіссөздер мен компромистердің кесірінен мұның бәрі кешеуілдеген жағдайда саясатты айқындайтын шешімдер сенімсіздікті одан сайын ұлғайтып жіберуі мүмкін. Американың саяси өміріндегі ең күрделі де даулы мәселе – денсаулық сақтау саласын реформалаудан бастау арқылы Трамп әкімшілігі нарықтар күтіп отырған ақша-несие реформасын жүзеге асыруда қажет болатын қолдаудан айырылып қалуы мүмкін.
Тіпті экономикалық көрсеткіштер жақсара бастаған күннің өзінде Трамп әкімшілігі ұзақмерзімді өнімділікке, мәселен білім саласын реформалауға, мамандарды оқытуға, кәсіби білікті көтеруге және жұмыс күшін қайта даярлауға көп мән бермесе, мұның ғұмыры қысқа болуы ықтимал. Сондай-ақ Трамп әкімшілігіне өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы мемлекетаралық тізбекке негізделген «спагетти табағын» бүлдіретін протекционистік сауда шараларынан бас тарту қажет болады.
Егер АҚШ экономикасына деген сенім нақты көрсеткіштерге ұласпаса, онда экономикалық өсім мен корпоративтік табыстан күткен үміт ақталмай, бұл қаржы нарығын құлазытып, нарықтағы волатильділікті арттырып, активтердің бағасын төмендетіп жіберуі мүмкін. Мұндай жағдайда АҚШ-тың «моторы» бұзылып, бұл ғаламдық экономикаға кері әсерін тигізеді, әсіресе егер бұл экономикалық проблемалар Трамп әкімшілігін протекционистік шараларға итермелеген болса.
АҚШ жоғары экономикалық өсімге қол жеткізетіндей нық позицияда тұр. Экономиканың «жануар түйсігін» ояту арқылы Трамп әкімшілігі жеке секторға көп салмақ салып, оларды қара жұмысқа итермелеп отыр. Бірақ, атқаратын шаруа көп. Трамп әкімшілігі нарықты құлшынтатын мақсаттарды нақтыланған әрекеттерге айналдыру үшін Конгреспен қоян-қолтық жұмыс істей алмаса, артта қалып келе жатқан экономикалық көрсеткіштер сенімді азайтып, қарсы беттен жел соқтыруы мүмкін, ал бұл қаржылық тұрақсыздықтан да ауқымды зардаптарға әкелуі ықтимал.
Автор туралы: Мұхаммед Эль-Эриан – Allianz-тың Бас экономисі, АҚШ Президенті Барак Обаманың Ғаламдық даму кеңесінің бұрынғы төрағасы, «Қаладағы жалғыз ойын: Орталық банктер, тұрақсыздық және келесі коллапстан құтылу жолы» кітабының авторы.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org